Аудандық мәдениет үйінде өткен жұма күні Сарқан ауданы Құрметті азаматтарының басқосуы өтіп, алыс-жақыннан жиналған аға буын өкілдерін аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков құттықтап, алдағы жоба-жоспар-ларымен бөлісті.
Биыл еліміз үшін мерекелі жыл: Астананың 20 жылдығы, Сарқан ауданының құрылғанына 90 жыл, Сарқан қаласының қала мәртебесін алғанына 50 жыл. Ерғазы Қошанбекұлы осынау айтулы даталар қарсаңында жастардың бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата – бабасын ұмытпай есте сақтау үшін және салт – дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу жолындағы басқосудың мақсат-мүддесін ортаға салды.
Сахнаға көтерілген ауданның құрметті азаматтары атынан аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Садуақас Садықов сөз алды.
-Сөзімді «Құрмет» деген ұлы ұғымнан бастаймын,-деді Садуақас Батқалұлы. — Сіздер саналы ғұмырларыңызда өз салаларыңыз бойынша ауданның ортақ табысына үлес қостыңыздар, жемісті жетістіктерге қол жеткіздіңіздер. Осы жетістіктің нәтижесінде, әрине, марапаттың сан түрін алған шығарсыздар. Дей тұрғанмен де туған ауданыңның туған халқыңның алдында «Ауданның Құрметті азаматы» атағын беруі барлық марапаттан жоғары. Олай болатын жөні бар. «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген ұстанымды басшылыққа алсақ айналаңның алғысына, төңірегіңнің ризашылығына жететін құрметті мен өз басым білмейді екенмін.
«Топырақ бір, бауырмыз ірге өтпеген, Бұл өмірден бірге ұшып, бір көктеген. Аймақтың ауқымына сиярмысың, Ауданың атап жатса құрметпенен»,-деген құрмет сезімінен марқайған ақ шашты ағаларымыз бен ақ самайлы аналарымыз ауданның кеудесі қазына, көмейіне бұлбұл ұя салған өнерпаз ардагерлерінің «Дария кеуде, тау мүсін» атты концертін тамашалады. Бұл күнгі сахналық іс-шара сарқандық ақын Күләш Бисекееваның «Терең ойдың түбін тере біл» атты жүрекжарды жырымен ашылды. Содан соң медицина саласының ардагері Есен Имашев, мәдениет саласының ардагері, Бүкілодақтық фестивальдардың, конкурстардың лауреаты Шәкен Жұманова, «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері, ардагер ұстаз Тұрсынхан Рахметқалиева әуелетіп ән салып, қазақтың әні мен күйін жас ұрпақ көкейіне дарытып жүрген білікті ұстаз Мырзахмет Сәрсенов күмбірлете күй тартты. Көрермендер кәсіпкер, өнер жанашыры Базархан Жолдасқызының, ардақты ана Рабиға Смайлованың, аудандық аурухана ұжымы әжелер тобының, мәдениет саласының ардагері Күләш Мұқатованың, Заир-Разия Атабаевтар отбасының, ардагерлер квартетінің, спорт саласының қайраткері, Сарқан қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Баймаман Тілеубаевтың, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Садуақас Садықовтың, Тополевка ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі Бақыт Токпакованың, аудандық ауылшаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Гүлнар Мұқанованың, «Нұр Отан» партиясы халықтық бақылау комитетінің төрағасы Жәлел Сасанбаевтың орындауындағы әндерге шынайы ризашылықтарын білдірді.
Әні әуелеп, күйі күмбірлеген концерттік бағдарлама Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіманның ардагерлерге арналған жүрекжарды жырымен, аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлының ықыласты лебізімен қорытындыланды.
Өз тілшіміз.