Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту және өмір жасын ұзарту Президент саясатының ең басты міндеттерінің бірі әр азаматтың денсаулығының кілті өз қолында, адамның өмір сүру ұзақтығы оның өмір сүру салтымен тығыз байланысты.
Бірақ, өкінішке орай біз салауатты өмірдің қарапайым шарттарын үнемі сақтай бермейміз. Біріміз семіздікке, тез қартаюға, тамыр склерозына, қантты диабетке соқтыруына жол берсек,екіншіміз демалу дегенді білмей жүйкемізді әбден тоздырамыз да ішкі ағзаларымызды түрлі ауруларға ұрындырып жатамыз.Тағы біреулеріміз арақ пен шылымның соңына түсіп, өз өмірімізді өзіміз қор қыламыз.Осындай әрекеттермен денсаулығымызды әбден құртып алған соң ғана оны түзету үшін дәрігерлерге қарануға барамыз.Бүгін көпшілігіміз қозғалыссыз өмір салтына үйреніп алғанымыз сонша, артық қимылдан қашқақтаймыз. Ағзамыздың барлық жүйелері қалыпты қызмет ету үшін біз оларды үнемі қимылмен демеп отыруымыз керек, яғни үнемі дене жаттығуларын жасаған жөн және оны, әсіресе жасөспірімдерге бала күнінен бастап баулыған дұрыс.Нәтижесінде буындарыңыз созылып, бұлшық еттеріңіз ширап қан мен лимфа айналымы жақсарып барлық ағзаларыңыздың жұмысы қалпына келеді.
Бүгінгі таңда салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен бұқаралық спорттық іс-шаралар жиі жүргізіліп тұрады. Жалпы салауатты өмір салты мәселесімен тек қана медициналық ұйымдар емес, сонымен қатар барлық мекемелер,білім беру ошақтары бала бақша, мектеп, университеттер, жекеменшік ұйымдар да белсенді түрде ат салысу керек. Денені үнемі шынықтырып салауатты өмір салтын ұстанып, шылым шекпеуге тырысып, алкогольдік ішімдіктен бас тартсақ ағзамызға көп ауыртпашылық түспес еді. Халық «Денсаулық-зор байлық» деп бекер айтпаған. Сол үшін де әркім өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарауы керек. Болашақ ұрпақты өз денсаулығы үшін саналы түрде жауапкершілікке үйрету тәрбиенің ең бір жауапты саласы. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің дамуына өз үлесін қосу үшін, әр азаматтың міндетті түрде денсаулығы мықты, шымыр, сана сезімі биік, жан-жақты да терең білімді, салауатты болу керек.
Г.Садвақас,
Сарқан аудандық ҚДСБ бас маманы.