
Қазақстанның Құрметті журналисі –
Жайлаубаев Жұмахмет Жанахметұлы
«Әшейінде қарағым еді, ит қапқан соң не сорым» деген сөз бар. Әшейінде дінмен алысып, сынықтан сылтау іздеп жүргендерге екі мұсылманның төбелесі таптырмас тақырып болды. Естігенін еселеп жеткізетіндер бірінен бірі іліп әкетіп жариялап, «Көріңдер, Ислам деген осы!» — деп жар салуда.
Омар Һайям: «Жүректiң түрiп құлағын,
ойланып тағы қарашы.
Кiмсiң сен, қайда тұрағың?
Ендi қайда барасың?», – деген екен.
Қай заманда, не себепті айтқанын бір Алла біледі. Дегенмен де, өзектілігін жоғалтқан жоқ. «Жүректің түріп құлағын» мен осы қайда барамын?» деп ойланғандар бар ма? Жоқ болса бірге ойланып көрелік!
Жақында мешіттің жанында бір топ жастардың «Ақи, сізге Алла разы болсын!», «Ақи, көрінбей кеттіңіз ғой» деген сөздерін естіп, әңгімелеріне құлақ түрдім. Орынды-орынсыз «Мәшалла», «Әлһамдулла», «Ақи» деген сияқты сөздерді екі-үш минуттың ішінде әрқайсысы он-он бес рет айтты.
– Жігіттер, «ақи» деген не?, – деп сұрадым.
– «Бауыр» деген сөз ғой, араб тілінде, – деді пысықтау біреуі.
Бұдан басқа да араб сөздері күнделікті тірлігімізге сыналап кіріп келе жатқаны белгілі. Мөңке бидің солтүстiктегi көршiмiзге елiктеуіміздің соңы:
«Орыс-қазақ қосылып,
Бiр- бiрiне үйiр болар.
Сөйткен заман кез келсе,
Түзелуi қиын болар», – дегенi айна қатесіз келді ғой.
Қиын болса да түзеле бастадық па дегенде Алланың дінін алдыға тартып, араб сөздері орынды орынсыз естіле бастады. Осылай елiктеуімізді қоймасақ, түптiң-түбiнде мәңгүрттенiп, қара тобырға айналып, ұлт ретiнде жойылып кетпейміз бе?!
Ресей империясы бізді отарлау алдында елімізге көптеген саяхатшылар, миссионерлер жібергенін білеміз. Солардың бірі Ресейдің шығыстанушысы, педагог-миссионер Николай Ильминский Мәскеуге жазған бір хатында: «Қазақ деген рухы мықты халық екен. Алаш десе атқа қонады. Біз оларды ешқашан жеңе алмаймыз. Бірақ, бір жолы бар. Бұлардың даласында «сексеуіл» деген ағаш өседі. Сексеуіл балтамен жарылмайды. Сондықтан сексеуілді сексеуілге ұрып жарады. Міне, қазақтарға осы тәсілді қолдануымыз керек. Яғни, қазақты қазақпен ұрсақ қана жеңіске жетеміз», – депті. Ол тәсілдің қалай қолданғанын, нәтижесі қалай болғанын өздеріңіз де білесіздер.
Енді «жүректің құлағын түріп» тыңдап көрейікші. Не естідіңіз? Мен сексеуілді сексеуілге ұрып жатқан дыбыстарды естідім. Сол тәсіл әлі де жалғасуда. Бүгінде бір қазақты – «жаңа қазақ», «мәңгүрт қазақ», «оралман», «шалақазақ» деп, бір мұсылманды бірнеше ағымға бөліп, бір-біріне ұрып келеді. Ру-руға бөлініп жүргеніміз өз алдына. Бір Аллаға құлшылық жасап жүріп, бір-бірімізді жақтырмайтын жағдайға жеттік. Біреудің сақалын, біреудің балағын, біреудің намаздағы тұрысын сөз қыламыз. Бірақ, бәріміз біреулердің қолындағы «сексеуіл» екендігімізге мән бермейміз. Төбелескен екі мұсылман да біреулердің қолындағы «сексеуіл». Енді сол төбелесті Құдайдан безгендер қолына «сексеуіл» етіп ұстап, мұсылман бауырларды ұрып жүр. Бар болғаны – осы!
Қашан «Жүректiң түрiп құлағын, ойланып бір қараймыз» сол күннен бастап. болашақ деген көштің ауған теңін түзейміз, ағайын!