«ӘДІЛЕТ» партиясынан Сарқан аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Разбеков Марат Мелісұлы Бірмандатты сайлау округі № 11

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМА

2026–2031 жылдарға арналған

«ӘДІЛЕТ» партиясынан Сарқан аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат

Разбеков Марат

Мелісұлы

Бірмандатты сайлау округі № 11

«Ауыл – ұлтымыздың алтын бесігі. Ауылды дамыту – баршамызға ортақ міндет»

 Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаев

Құрметті сайлаушылар!

Мен, Разбеков Марат Мелісұлы, Сарқан ауданында туып-өстім. Ауданның өзіндік ерекшеліктерін, өзекті мәселелері мен тұрғындардың қажеттіліктерін жақсы білемін. Мамандығым бойынша инженер, экономист. Еңбек жолым ұйымдастырушылық мәселелерді шешу, жергілікті инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу бағыттарымен байланысты. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысу барысында тиімді жұмыстың жүйелілікке, бақылауға және халық алдындағы ашықтыққа негізделетінін түсіндім. Менің ойымша, ауданның әл-ауқаты әрбір отбасының күнделікті өмір сүру жағдайларынан қалыптасады. Бұл – сапалы жолдар, таза ауызсу, қолжетімді медициналық көмек, сапалы білім, тұрақты жұмыспен қамту және жастардың өз болашағына деген сенімі. Дәл осы мәселелер басты басымдықтардың қатарында болуы тиіс. Өз қызметімде «Әділет» партиясының құндылықтары мен бағдарламалық басымдықтарын басшылыққа алуды көздеймін. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға, еңбек адамдарына қолдау көрсетуге, жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және туған жерімізге ұқыпты қарауға ерекше көңіл бөлінеді. Ауданның тұрақты дамуы экономикалық мүмкіндіктер халыққа қамқорлық жасаумен және ортақ құндылықтарымызды сақтаумен ұштасқан жағдайда ғана мүмкін болады. Мен халық сенімін нақты істермен ақтау қажет екеніне сенімдімін. Мен үшін депутаттық қызметтің басты көрсеткіші – берілген уәделердің саны емес, тұрғындардың күнделікті өмірінде сезілетін нақты оң өзгерістер. Өз білімімді, тәжірибемді және күш-жігерімді дәл осындай нәтижеге қол жеткізуге бағыттауды мақсат етемін.

Құрметпен, Разбеков Марат.

2026–2031 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕМЕЛЕР

1 . ЖОЛДАР ЖӘНЕ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ

Ауылішілік жолдарды асфальттау жұмыстарының жүргізілуіне ықпал ету. Тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы қатынауын қамтамасыз ету мақсатында жол инфрақұрылымын жақсартуға күш салу.

 2.  СУ, ЭЛЕКТР ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ

Ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, электр энергиясының тұрақты берілуі мен ауыл көшелерін жарықтандыру жұмыстарын жақсарту бағытында тиісті мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал ету. Сарқан қаласында сыртқы инженерлік желілер мен абаттандыру жұмыстарын қоса алғанда, 5 қабатты, 60 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үй салу жобасының жүзеге асуына ықпал етемін.

3. КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ҚОЛЖЕТІМДІ НЕСИЕ

 «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ету.

4. ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН АШУ

Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланысты нығайтуға және бос жұмыс орындары туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыруға күш салу.

5. САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК

Аққайың ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) жағдайын жақсарту мәселесін қарастыруға бастамашылық ету. Тұрғындар үшін алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал ету.

6. БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ БАЛАЛАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ОРТА

Жабық спорт стадионын салу мәселесін көтеріп, ауылдың спорттық инфрақұрылымын дамытуға ықпал ету.

М. Тынышбаев атындағы орта мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесінің қарастырылуына ықпал ету.

7. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫ

Ұзақ мерзімді күтімді қажет ететін қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал ету. Инфрақұрылым нысандарын кедергісіз орта талаптарына бейімдеуге, отбасыларды қолдау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды қолдау.

8. САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕР

Ауылдағы интернет пен байланыс сапасын жақсарту мәселелерін көтеру. Тұрғындардың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтіп, мемлекеттік онлайн қызметтерді еркін пайдалануына жағдай жасауға ықпал ету.

9. ТАЗАЛЫҚ ПЕН АБАТТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ

2026–2031 жылдар аралығында отырғызылатын көшеттердің жалпы санын кемінде 12,5 мыңға жеткізу көзделген. Осы бағытта көгалдандыру, ағаштарды күтіп-баптау және жасыл аймақтарды сақтау жұмыстарына атсалысамын.

Ауыл саябағын абаттандыруға ықпал ету. Қойшыбеков көшесіне көше жарығын орнату мәселесін көтеру.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында көшелерді абаттандыруға және тұрғындар үшін қолайлы қоғамдық кеңістіктер құруға ықпал ету.

10. ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Округ тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыс жүргізу.

Сіздің пікіріңіз – мен үшін маңызды! 

Сіздің сеніміңіз – нақты нәтижеге деген жауапкершілік! 

Әрбір шешім – туған өлкеміздің игілігі үшін!

ҚҰРМЕТТІ ЖЕРЛЕСТЕР!

        Құрметті Черкасск ауылдық округінің тұрғындары!

       Өлкеміздің басты байлығы – оның адамдары, олардың еңбекқорлығы, жауапкершілігі және туған жерге деген сүйіспеншілігі.

      Менің басты мақсатым – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту және әрбір ауылдың өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешу.

     Менің сайлауалды бағдарламамның негізгі басымдықтары – ауылдық инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, білім беру, спорт, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының жағдайын жақсарту.

МЕНІҢ ҰСТАНЫМДАРЫМ

     Әрбір тұрғынға және әрбір ауылға әділ көзқарас таныту. Менің ойымша, әрбір елді мекен назардан тыс қалмауы тиіс, ал әрбір тұрғын лайықты өмір сүру жағдайларымен қамтамасыз етілуге құқылы.

     Депутаттық өкілеттігім аясында өзекті мәселелердің шешілуіне жүйелі түрде ықпал етіп, қажетті жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетемін және атқарылған жұмыстар туралы халықты ашық әрі тұрақты түрде хабардар етіп отырамын.

Сайлауға келіңіздер!  Меған дауыс беріңіздер !

Дайындаған: «Айару» ЖК

Мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жібек жолы көшесі, 34-үй

Таралымы:1000 дана.

Тапсырыс беруші: Разбеков Марат Мелісұлы

Сарқан аудандық мәслихаты депутаттығына үміткердің сайлау қорынан төленді

Мәліметпен бөлісу: