
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасы және Ақсу ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі, Жетісу жастары ұйымының Конгресімен бірлесіп Ақсу ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған бірнеше іс-шара өткізді. Басты мақсат – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және адалдық, ашықтық пен әділдік қағидаттарын кеңінен насихаттау.
Негізгі шараның бірі саналған «Адалдық. Парасаттылық. Сенімділік.» тақырыбында кездесу. Шараға спикер ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Ринат Бекболғанов, басқарманың бас маманы Ақан Абайұлы қатысты. Олар қатысушыларға елімізде жүзеге асып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың негізгі бағыттары, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет саласындағы ашықтық пен адалдық қағидаттары туралы жан-жақты ақпарат берді.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Қатысушылар сұрақ қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Әсіресе жастар арасында адалдық құндылықтарды дәріптеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық бақылау мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Адалдық, парасаттылық және сенімділік қағидаттарын берік ұстану – ел дамуының, қоғамдық тұрақтылықтың және жарқын болашақтың кепілі.
«Жетісу-Ақпарат».
