ДІН МЕН ДӘСТҮР БІРЛІГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Дін тек діни ілімнен немесе құлшылық рәсімдерінен ғана тұрмайды, ол отбасылық мәдениетті, заңдылықты, ұлттық діни дәстүрлерді, ұлттық рухани мәдениетті, білімді, ұлттық тілдегі діни уағызды қоса қамтиды. Сондықтан дін оны ұстанған ұлттардың, қоғамның рухани мәдениетімен ажырамас байланыста дамиды.

Халықтың рухани, тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлігі болып табылатын дін қоғамның діни-философиялық, құқықтық ой-санасын және өмірі мен салт-дәстүрін қалыптастыруда елеулі рөл атқарды. Тіпті тарихқа назар салсақ, осы дін және діни ұстанымдардың ықпалымен кез-келген елдің ішкі және сыртқы саясаты айқындалып, қоғамының рухани кемелденуі мен гүлденуі орын алғандығын байқауға болады.

Дәстүр дегеніміз – белгілі бір ұлтты құрайтын халықтың ата-бабаларының халық болып қалыптасу жолындағы бүкіл тіршілік тәжірибесінен сан ғасырлар бойы тірнектеп жинап, сұрыптау тезінен өткізіп, бір жүйеге келтіріп, қалыпқа түсірген өмір сүру заңы, яғни бүгінгі түсінікпен айтсақ, қатал тірліктің қағидаларынан қорытып, уақыттың өзі бекітіп берген конституциясы. Оған басқа ұлттың ортақтығы жоқ. Оның бір ұлтқа тәуелділеніп, «ұлттық дәстүр» деп аталуы да сол бір ғана ұлтқа тәндігінде, жалғыздығында. Қазақтың дәстүр сөзіне «салт» сөзін тіркеп айтатындығының мәні де оның осы даралығында. «Салт» сөзі жалғыздықты, даралықты білдіреді. Сонда «ұлттық салт-дәстүр» деген белгілі бір ұлттың өзіне тән жеке дара дәстүрі деген ұғымға саяды.

Ұлттық дәстүрлермен қатар діни ұстанымдар ұрпақтан-ұрпаққа білімі, әдет-ғұрып, мінез-құлық нормалары, іс-әрекетінің түрлері, таным үлгілері, шығармашылық бағыттары арқылы жеткізіліп отырады. Діни салттар мен ұлттық дәстүр – ұзақ дәуірлер бойына екшеліп, сұрыпталып қалыптасқан қазына. Олар ұрпақ тәрбиесінде маңызды рөл атқарып, халықтың мінез-құлқы мен іс-әрекетінің рухани негіздері. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділдік, меймандостық сияқты қасиеттер халықтың діни салты мен ұлттық дәстүрі ретінде қалыптасады.

Дәстүр, әдет-ғұрып пен салт-сана қоғамдағы әлеуметтік қатынастар түрлерін, қоғамның мәдени деңгейін көрсетумен қатар, тәрбие талаптарының негізін құрайды, адамдардың қоғамдасып өмір сүруінің және ұйымдасуының маңызды формаларын көрсетеді.

Дін мен дәстүрлердің жалпыға ортақ ең маңызды қызметі – адамдар арасындағы өркендеп және өзгертіп отыратын тұрақтылықты ретке келтіріп отыру. Тұрақтылық болмаса, даму да болмайды.

Діни ұстанымдар мен ұлттық дәстүрлер жүйесін жаңғырту арқылы ғана кез-келген халық өзінің рухани мәдениеті мен өзіндік дүниетанымын қалыптастыра алады. Ал мәдени мұраны қастерлеу, сақтау және оны байыту жалпы адамзаттық және әлемдік мәдениетке қосылған үлес болып табылады. Әлемдік өркениетке бірігу және өзіндік атсалысу осы ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, оны дамыту арқылы ғана жүзеге асады.

 Мұхаммед пайғамбар өзінен бұрынғы пайғамбарлар мен өзінің арасындағы байланысты былай баяндайды: «Мен және менен бұрынғы пайғамбарлардың мысалы – мынадай бір үй тұрғызған кісінің мысалы сияқты: Ол үйді көз тартарлықтай көркем етіп салады, бірақ бір бұрышында бір кірпіштің орыны бос қалады. Халық ол үйді айналып көріп, ұнатып: «Әттең, енді мына бір кірпіші қойылса ғой» дейді. Сол кірпіш мен боламын» деген екен. Яғни Мұхаммед пайғамбар өзін үйді бұзып, қайта тұрғызушыға емес, толықтырушыға, аяқтаушыға теңеді. Бұл ислам дінінің жақсылық жолды қиратушы емес, керісінше толықтырушы екендігін көрсетеді.

Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.

Егер де, Сіз немесе сіздің туыстарыңыз деструктивті діни ағымның арбауына түскен болса, діни салаға байланысты сұрақтарыңыз туындаса, облыс бойынша тегін 8 (7282) 41-33-19 8 700 427 23 35
сенім телефонына хабарласыңыз!

Ресми сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшалар:

Instagram

@din.isteri.zhetisu

@jetisu_centre

Tik tok

@jetisu.centre

YouTube

JETISUDIN

«Жетісу облысының дін істері басқармасы» ММ

«Дін саласындағы мәселелерді зерттеу және оңалту орталығы» КММ

ТАЛДЫҚОРҒАН, 202

Мәліметпен бөлісу: