
Негізінде дін дәстүрдің негізі десек қателеспеген боламыз. Cебебі кез келген салт пен дәстүр, әдет пен ғұрып сияқты дүниелердің астарында сенім жатыр. Ал сенім дегеніңіз – дін. Демек, дін мен дәстүрді бір бірінен ажыратып қарай алмайсыз. Әрине, бүгінде қазақ баласы дін мен дәстүр деген уақытта бұл жерде қандай да бір сенімді емес, ислам дінін меңзеп тұрғанымыз анық ислам халықтар мен этностардың, ұлт пен ұлыстың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен тарихтарын, мұрасын, құндылықтарын жоққа шығармайды. Әсіресе, мұсылман халықтарының өмір сүру салты мен дәстүрлері исламға сәйкес өмір сүру ережелерімен үйлесімдігін тауып біте қайнасқан. Өзіміз бала кезімізден естіп өскен тыйым сөздер (тырнақты түнде алма, күл-қоқысты баспа, кеш мезгілінде кір суды далаға төкпе, малды теппе, қарғыс айтпа, ысырап қылма, нанды баспа, тамақты үрлеп жеме, тырнақты шайнама және т.б.) қариялардың айтқан өсиеттері мен кеңестері тұнып тұрған дін. Бұлардың басым бөлігі аят пен хадистермен ұштасып жатқанын көреміз.Расында да пайғамбардың (с.ғ.с.) тамақты үрлеп жемеу туралы хадисы келген. «Тамақты суытып жеңдер, себебі онда үлкен береке бар».
Пайғамбардың (с.ғ.с.) бауыздайтын малдың көзіне пышақты көрсетпеуге және ол пышақтың өткір болуын қадағалауды айтқан. Ал бір әйгілі хадисте жезөкше әйелдің қатты шөл қысқан итке су беруінің арқасында күнәлары кешіріліп, жәннатқа барғандығы туралы хабарланған. Осы сияқты хадистер бізді «малды теппеуге, қорламауға» шақырады. «Біреуге қарғыс айтпа» деген дәстүріміз пайғамбардың (с.ғ.с.) «Қарғыс айтпаңыздар! Егер қарғыс сол адамға тимесе, онда өзінің иесіне қайтып келеді» деген хадисын қайталап тұрғандай. Сол сияқты біздің дәстүріміз дін исламмен үндесіп жатыр. Жылдар бойы салт-дәстүріміз дінмен өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті.
Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным-сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден тұрады.
Біздің қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген ата-баба мұраларының көпшілігін бабаларымыз сол кезеңдерде «сүннетті ұстану» ниетімен қалыптастырған. Бұған дәлел – көптеген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдеріміздің хадис және сүннеттерімен үндесіп жатуында. Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырған. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған діни дәстүрлер: сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тасаттық жасау діни жоралғылардың өміршеңдігін көрсетеді. Сондай-ақ мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. Халқымыз жылдар бойы Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өсиеттерімен өмір сүрді. Діни рәсімдерді құрмет тұтты. Бұл нағыз мұсылманшылықтың көрінісі болатын. Үлкендер жағы «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Түсі игіден түңілме» деп, бір-бірін жақсылыққа үндеген. Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Иман алпыс бірнеше бөліктен тұрады, ең абзалы – «Лә иләһә иллалаһ» (Алладан басқа құдай жоқ») деп айту, ең төмені – жолда көлденең жатқан нәрсені алып тастау. Ұят та – иманның бір бөлігі» деген. Бұл ретте дін мен дәстүрдің сабақтастығы ұлттық рухтағы құндылықтарымызды қадірлеп, ұлттық мүддемізді қорғап, ана тілінде сөйлеп, салт-дәстүрімізді күнделікті өмір салтында қолдана білуде деп ойлаймыз.
С. АСҚАР
Сарқан ауданының бас имамы.