Соңғы жылдары қой аузынан шөп алмас халықтың үрейін ұшырып, күллі әлемде бүлік тудырған терроризм және экстремизм діни сипатта белең алып, бейбітшілікті ұстанған мұсылман жұртшылығына үлкен жала, қара күйе жақты.
Діни тұрғыдан сауатсыз жастар көбіне жат ағымдар мен экстремистік топтардың арбауына түсуде. Бауырыңды нақақтан-нақақ өлімге қима, адам өлтіру үлкен күнә деп үгіттейтін ақиқат діні Исламның шын мәнісінде қандай екенін әлем мұсылмандары дәлелдеуге тырысуда. Дегенмен, теріс бағытқа түсіп, жат ағымға ұрынған азаматтар жалған сенімнің жетегінде әлі де тыныш елдің ұйқысын бұзуда.
Қазіргі таңдағы өзекті деген үлкен мәселелердің бірі – жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен түрлі сондай діни ағымдар десек артық айтқандық емес. Кереғар діни ағымдар қоғамға, айналаға, соның ішінде жастарымызға ерекше әсер етіп, ұдайы адастырумен келеді. Соның салдарынан отбасылардың ажырасуы көбейіп, түрлі дінді ұстанудың нәтижесінде жанұяларда ұрыс-керістер орын алып, көптеген бөлінушіліктерге негіз болуда. Осындай жағдайлардың алдын алу бойынша округімізде округ имамы мен жастардың кездесуі жиі өтіп тұрады.
Кезекті кездесудің бірі 14-ақпан күні Пограничник ауылында өтті, кездесуде округ имамы М.Ахмадиев жастарға жат ағымдар жайлы, экстремистік топтар және олардың қауіптілігі жайлы толық мағлұматтар берді. Жастарды діни тұрғыдан сауатты болуға шақырды, әлеуметтік желілерде абай болуға, тек рұқсат етілген, бекітілген ұстаздардың ғана уағыздарын тыңдауға шақырды.
Діни сауаттылық ішкі тұрақтылықтың кепілі. Еліміздегі ортақ ауызбіршілік, елжандылық, адамды сүю, бейбітшілік пен тыныштық – біз ұстанған ислам дінінің басты мұраты, ал ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Олай болса, жат ағымның бірлікке емес, бүлікке алып баратын жол екенін ұмытпайық, ағайын!
Д.Жарданбек,
Амангелді ауылдық округі әкімі аппаратының жастар ісі жөніндегі
әдіскер-нұсқаушысы, Амангелді БПҰ мүшесі.