Қазіргі таңда әлемдегі өзекті мәселелердің бірі бұл — діни экстремизм. Бейбітшіл дініміз-исламның атын жамылғандар сан түрлі әрекетке баруда.
Жаһандану дәуірі жақсылығымен қатар теріс ықпалын да тигізуде. Қазіргі ақпараттың жеттік дамыған уақытында ақпараттық ресурстарды оңды қолданып, еліміздегі болып жатқан діни мәселелердің себептерін ашып көрсетіп, халықты дұрыс мәліметпен қамтамасыз ете алсақ өз жемісін берері сөзсіз. Бұл өз кезегінде сауатты азаматтарымызды көбейтіп, мемлекетімізді теріс діни ағымдардан сақтап қалуымызға себеп болмақ. Сондықтан бізге діни сауаттылық ауадай қажет екенін түсінетін кез келді. Осы орайда не істеу керек деген заңды сауал туындайды. Әрине, кез келген кеселге қарсы алдын алу шаралары ұйымдастырылуы қажет. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстар жүйелі түрде атқарылып отыруы керек және жастар арасында жиі насихаттау жұмыстары жүргізілуі, сол арқылы қоғам иммунитетін күшейту керек. Әсіресе саяси, діни көзқарастары толық қалыптаспаған жастардың діни сауаттылығын арттыру өте өзекті мәселе. Міне, осы бағытта нәтижелі жұмыс жүргізу тиімді болмақ.
Абдул Мәжид Шәріпханұлы, Амангелді ауылдық округіне қарасты Көкөзек ауылдық мешітінің бас имамы.