Діни сенім-рухани кемелділікке ұмтылуы шарт

Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық әлеуметтік мемлекет екенін бүгінгі күні жер-жаһанға мойындатты деуге әбден негіз бар. Дін-мемлекет ісінде бейтарап позицияда болғанмен, бірақ, елдің ішкі рухани тірек күштерінің бірі болып қала береді. Тәуелсіздік алған ширек ғасыр ішіндегі ең үлкен жетістіктеріміздің бірі, біздің шыққан биігіміз – ол елімізде діни наным-сенім бостандығының, діни еркіндіктің толық бекуі. Қазақстанның дінаралық келісім мен үнқатысудағы құнды тәжірибесі әлемнің бірқатар еліне үлгі, өнеге. Республиканың қоғамдық-саяси өмірінде діннің маңызы артып, оның имандылық, рухани және әлеуметтік функциялары нығая түсуде, дінге сенушілердің, діни салт-ғибадатты орындаушылар санды тұрақты өсуде. Олардың қоғамдағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық, дінаралық келісімді нығайтуға, қоғам мен мемлекеттің дамуына өз үлестерін қал-қадерінше қосып отырғандары бәрімізді қуантады.
Біз конфессиялық алуандығымен ерекшеленетін әлемдегі санаулы елдердің қатарына кіреміз. Кең-байтақ Қазақ жері қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын ордасы екендігін паш етіп отыр, оған дәлел Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен елордасы Астанада 2003 жылдан бастап өтетін «Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің» съезі соның жарқын көрінісі. Съездерге қатынасқан әлемдік және ұлттық діндердің басшылары рухани келісім мен діни төзімділікті орнатуда Қазақстаннан алар тәжірибе мен үлгінің мол екендігін талай мәрте атап өтті. Мемлекет азаматтардың сенімін дұрыс бағытта алып жүрулеріне барлық жағдайды жасауда. Дін істеріне байланысты комитет сосын өткен жылы ғана министрлік құрылды. Бұл ел аумағындағы діни бірегейлікке жол ашатын, және соның жарқын бағытта өріс алуына зор мүмкіндік жасады. Елбасы тапсырмасымен министрлік елдегі діни ахуалға нақты сараптамалар жүргізіп ұзақ мерзімдегі тұжырымдамалар қабылдады. Бұл қадамдар конфессия аралық келісімді дамытуға, діни бірегейлікті жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар діни білім алушыларға жағдай жасау да назардан тыс қалған емес. Елде діни оқу орындары, колледж, университеттер сапалы кадрлар қосынымен жұмыс жасайды.
Зайырлы мемлекеттің басты құндылығы-адамзатқа ортақ қасиеттерге негізделген ізгі қоғам құру. Оның негізгі шарты азаматтардың рухани кемелділікке ұмтылуы, яғни жалаң діни көзқарастарға таңылмай, діннің ішкі мазмұнына, рухани болмысына үңілу. Міне сонда ғана сөз басында айтып өткен жоғары руханият адамдар санасына орнығады. Ауызбіршілік пен тұтастық бар жерде жат ағымның жетегінде кететін жандардың азая беретіні анық. Бұл өз кезегінде жұртшылық санасына рухани жаңғыру тастап, сана-сезімі, дүниетанымы, тіпті азаматтық позициясын мықтап қалыптастырады. Шынайы діндар азамат еліне ерекше құрметпен қарайды, заңды құрмет тұтады, отаншыл келеді. Рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Ал ел бірлігі мықты болса, онда мемлекет те мықты, іргесі де берік. Елбасы саясатының басты бағыты да осы.

Ақтанберді НАЗЫМҰЛЫ,
Алматы облысы дін істері басқармасының Сарқан ауданы бойынша
инспекторы.

Мәліметпен бөлісу: