Күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын киелі Қаратал өзенін Талдықорған қаласының шығыс қақпасынан кесіп өткен жанның назарына бірден сол жақтағы ерекше архитектуралы Достық үйі түседі. Іргетасы сонау 2008 жылы қаланған ғимараттың биыл есігін айқара ашқанына 15 жыл толыпты.
Ғимарат ішінде хатшылық, облыстық Ассамблеяның структуралық бөлімшелері мен аймақтық этномәдени бірлестіктердің орталықтары жайғасқан. Мұнда облыстық Ассамблеяның толыққанды қызметі үшін барлық жағдай жасалған Мультимедиялық орталық, тілдер үйрену орталығы, синхронды аудармамен қамтамасыз етілген конференц-зал мен 200 орындық акт залы Қазақстан халқы Ассамбеясының алдыға қойған негізгі мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге берік негіз іспетті.
Бүгінгі күні үздіксіз бүрлеген береке мен бірліктің жемісі тұрақтылық. Ал сол тұрақтылық пен табыс қаншама қажырлы еңбектің, жүйелі жұмыстың нәтижесі. Бұл ортақ игілікті істе Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының да өзіндік үлесі бар. Ұлтаралық татулықтың, жарасымды тірліктің исі де, түсі де бар деп білем. Сенбесеңіз Достық үйіне бас сұғыңыз исін де сезінесіз, түсін де көресіз, өзгеше бір аурамен тыныстайсыз. Сөзсіз Қазақ елі бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрудың жаһандық үлгісін қалыптастырды. Бейбітшіл де берекешіл осынау идеяны құндақтап бесігіне бөлеген Достық үйі өміршеңдіктің, жасампаздықтың жарқын мысалындай.
Әр адамның туған анасынан басқа төрт тамыры бар дейді, олар – туған жері, тарихы, тілі, мәдениеті мен дәстүрі. Егер осы төртеуін де өз ұлтымның мақтанышы деп білсең, басқа ұлтты да түсінесің. Осы орайда қасиетті Қазақ топырағында кіндік қаны тамған, шілде суы төгілген, қазақ тілінің мәртебесін көтерген, қазақ ұлтының салт-дәстүрін құрметтеген өзге ұлт пен ұлыстың өкілдері біздің мақтанышымыз дегім келеді.
… Әлі есімде, Достық үйінде өткен бір жиында ұлты шешен азаматының «Туған жерім Қазақстан, әке-шешемнің де мәңгілік мекені осында. Қазақ достарым да көп. Қазақстанға жаулық ниеттегі жандар басқыншылық жасаса алғашқы боп мен аттанамын!» деген шынайы лебізін естігенде оған деген ризашылығымды жасыра алмай қошаметтеп қол соққаным бар.
Биік жерде екі адам төмендегі суға көз салып тұр екен дейді. Ылдидағы судан әлгілердің бірі тек шалшықты көрсе, екіншісі жұлдыздардың суға түскен сәулесін көреді. Мен де мына өмірдің тек жақсы жағын, жұлдызды, шұғылалы сәттерін көруге талпындым. Мәжілістес, дидарлас, дастархандас жандарға еліміздің әлі биік белестерді бағындыратынын, жақсы күндердің алда екендігін айтудан жалықпадым. Ал сол еліміздің жарқын болашағы, қуатты, шуақты келешегі ұлтаралық татулықтан, береке мен бірліктен темірқазықтай желі тартады.
Еліміздегі ырыс пен ынтымақ, достық пен татулық туралы сөз қозғағанда ойыма жергілікті ақын Жомарт Игіманның мына бір жыр жолдары оралады.
Құшағыма ап достықты құндақтадым,
Туыстықпен қашанда нұрлы аспаным.
Аға буын қалдырған аманатқа,
Ынтымақты нық ұстар ұрпақтарым.
Жүректерге себілген дәнім өнер,
Таза болса былғанбай қаным егер.
Жүздеген ұлт сыйғаны құшағыма,
Мінезімнің арқасы мәмілегер.
Ортақ бүгін бар ұлтқа тауым да аспан,
Ісім алға басады қауымдасқан,
Алалық жоқ сенсеңіз пейілімде,
Қазақстан халқымыз бауырласқан.
Достық үйі міне, 15 жыл бойына өлеңде өрілген күллі адамзатқа ортақ асыл қасиет – мейірім, достық пен туыстықтың мекені болып келеді.
Партия ЖЕҢІСХАН,
Сарқан ауданы.