Мереке қарсаңында аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында ауылшаруашылық жылының қорытындысы шығарылып, аудан әкімі Талғат Қайнарбеков онлайн режимінде өтіп, ауыл әкімдері, сала қызметкерлері бейнебайланыс арқылы қатысқан жиында агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлерін құттықтады.
Талғат Қанатұлы мемлекет үшін, ел үшін еңбек етіп, адал тер төгіп жүрген сала еңбеккерлдерінің аудан экономикасын көтерудегі елеулі үлесін атап өтті. Жыл сайын бұл мереке еңбек адамдарын, мал шаруашылығы, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс жасайтын, еліміздің және өңіріміздің дамуына үлес қосып жүрген мамандардың басын қосады. Бүгінде аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында 1500-ден астам агроқұрылым жұмыс істеп жатыр. Тек биылғы жылы аграрлық секторда 50 миллиардқа жуық өнім өндірілді.
Аудан бойынша биыл 98 273 гектар жерге егін себіліп, дәнді дақылдардан 140 мың тонна, майлы дақылдардан 57 мың тонна өнім алынды. 3 167 гектар алқапқа сіңірілген қант қызылшасынан тиісті өнім толық жиналды. Бүгінгі күнге дейін барлығы 88 900 тонна дақыл қант зауытына тапсырылды. Тәтті түбірдің орташа өнімділігі гектарына 340 центнерді құрайды.
Биылғы жылы аудан бойынша 1 млрд. 139 млн. теңгеге, 63 дана әр түрлі ауыл шаруашылық техникалары сатып алынғаны аудан басшысының құттықтау лебізіне арқау болды.
Жиында «Самал» ШҚ басшысы Ермек Қалиев Ауыл шаруашылығы Министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және осы салада ұзақ жыл қызмет атқарған Советбек Тажиев ҚР «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, өткен жылдың қорытындысында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі байқауында ІІІ дәрежелі дипломды Көктерек ауылдық округі иеленіп, аудан мерейін үстем етті. Сондай-ақ ауылшарушылығын өркендетуге үлес қосқан бір топ сала қызметкерлеріне облыс, аудан әкімінің және ауыл шаруашылығы басқармасының алғыс хаты табыс етілді.
Жиында сөз алған «Самал» ШҚ басшысы Ермек Қалиев әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, алғысын жеткізді.