Күн ашық, айнала ақшаңқан нұрға малынған, аспан тап-таза. Қыркүйектің жазға бергісіз сағымы бұлаңдаған келісті күні. «Күз мінезі ойпыл-тойпыл емес пе, қашанғы жадырап тұрар дейсің?»,-деп ол машинасын оталдырды да егістік алқапты бетке алды. Көлігі үйреншікті дағдысымен қырға қарай зулап барады.
Өтпелі кезеңнің өкпек желі ұйтқып тұрған өткен ғасырдың соңғы онжылдығының бел ортасынан астам Екіаша ауылындағы «Семиречье» ұжымшарын басқарған Мұрат Қауменов шаруашылықты бөле-жармай ұстап қалуға ұмтылды. Өзі үшін емес, әрине, қалың ел «Ертеңгі күніміз не болады?» деп жас басшыдан көп үміт күтті де. Дегенмен жоғарыдағылардың нұсқауы күшті еді, амалсыз көптің тағдыры жекешелендірудің жетегінде кетті.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры» дейді. Бүгінде өзектілігін жоймаған ұлт ардақтысының пайымы Мұрат Иманұлының көңілінен шықты. Жер алып, ауылға қажетті дақыл егіп, шабындық, жайылымдық алқапты мал шаруашылығын өркендетуге пайдалансам деген ой білімді де білікті азаматты ширатты да ширықтырды. 1998 жылы әулеттің үлкені Болат ағасының қолдауымен «Қауменов» шаруа қожалығын құрды. Еншісіне пай бойынша 337 гектар тәлімі жер, 1200 гектар жайылым, 140 гектар шабындық алқабы тиді. Осы жер көлеміне сәйкес мал өсіремін деп шаруашылығының келешегін жобалады. Жоба-жоспарын іске асырды да. Соның нәтижесінде бүгіндері Мұрат ағамыз елге еңбегімен сыйлы. Екіашалық әріптестері егіннің ебін, малдың бабын білетін ағаларының әрбір қадамын қадағалап отырады. Бұл кісіңіз қыста техникаларын дайындық сапына қоюға үлгерсе, ерте көктемде алқап басынан табылса, жаз бойы шабындыққа шалғы салып, егін орағына кіріссе, күз басталмай жер жыртып, күздік дақыл себуді қамтамасыз етсе, жерлестері де ол ізден жаңылмайды. Себебі саналы ғұмырын туған жермен тамырластырған азаматтың қара жердің қайтарымын еселеп, істің көзін табуда мүлт кетпейтінін біледі. Ана жылдары сүт бағытындағы ірі қара өсіргенде аудандағы сүт зауытының басшылығы Мәкеңді көрген жерде құрмет тұтып жататын. Бұған да, әрине, шаруақор азаматтың айтқан сөзден, берген серттен айнымайтын уәдешілдігі негіз болғаны сөзсіз. Қазақта «Атты шылбырынан, ер жігітті сөзінен ұстайсың» деген мақал бар. Сертіне берік кісі құны мен бәсін арттырады. Жұрт ондай тұлғаны төбесіне көтереді. Оны ешкім сырттан қамшыламайды. Өзін-өзі қамшылайды. Уәдесін бір сәтке де ұмытпайды. Міне, біз білетін Мұрат Иманұлының бәсі осы бірсөзділігі үшін жоғары.
«Біз білетін» деген сөзден шығады. Мәкеңді танып-білгенімізге ширек ғасырға жуықтапты. Жұмыс бабымен аға шаруашылығымен жете таныстым. Егістік басында, мал қыстағында болғанымда көргенім-шашау шықпаған тірлік. Қожалық құрамындағылармен тілдесе қалсаңыз Мұрат ағамыздың қарауындағыларға деген қамқорлығын сезінесіз. «Ұзын арқан, кең тұсауға» салмай жұмысшыларының ақы-пұлы, қам-қарекеті дер кезінде шешіліп, осы пейіліне орай олар да өз міндеттерін мейірмен атқарып жатады. Сондықтан да жаратқан көктен берсе, несібе-нәпақаларын жерден тергендердің де, төрт түліктің бабын тапқандардың да есебі түгел.
Сарқан ауданының Құрметті азаматы Мұрат Иманұлы Қауменов осыдан 70 жыл бұрын табиғаты тұп-тұнық, таңы тамылжып ататын, күні ғажайып мекенді қия алмай баяу ғана бататын тау төскейінде дүние есігін ашыпты.
Бәрі жасыл, бәрі жайсаң маңайдың,
Бас көтерсең аспаның да көк айдын.
Қалқасында балғын бұта-бүршіктің,
Тербетіліп ұясы тұр шымшықтың.
Жүрегіңмен тыңдай алсаң, құлақ түр,
Сан соқпақты түйістірген бұлақ бұл.
Иесіміз тынысы кең бау-бақтың,
Иесіміз бір жасампаз аумақтың,-деп ақын жырына арқау болатын бұл мекен – Сарқанның Бірлікші атты ауылындағы «Қызыл әскер» ұжымшары еді. Ата-бабалары жаңа өмір орнатамыз деп осы өңірде от пен суға түскен. Соның игілігін өткен ғасырдың елуінші жылдары өмірге қадам басқан Мұраттың замандастары көрді. Соғыстан аман оралған әкелердің қамқорлығын, қиындықты күндіз-түні егіс басында, шабындық төсінде еңбегімен еңсерген аналардың мейірімін сезініп өсті. Сол кезеңді есіне алса анасы көз алдына келеді. Жуырда Қазақ радиосынан «Аналардың табаны сегіз пейіш бағаны, Кімдер оны сыйласа ризалықты табады» деген жыр жолдарын естігенде балаларының өсіп-өнгенін көріп, немере сүйіп жетпіс жеті жасында бақилық болған анасы Орынбасқардың мейірімді жүзін елестетті. Расында да анасы құдайдың сүйген құлы еді. Анадан артық жан бар, ананың құшағынан ыстық құшақ бар, ананың иісінен артық иіс бар дегенге сенгісі келмейді. Жаны жәннатта болғыр балаларын бөле-жармай құшағына сыйғыза білді. Сәл жадаулау болса дағы туған үйдегі шалдуарлығы еске түседі. Перзенттерінің болашағын ойлаған анасының тұңғиық ойға бататын сәттері есінде. Талаптарын өрге сүйреген өрендеріне іштей сүйсініп, тәуба ететіндігі де бүгінгідей көз алдында. Сол анасы кіші ұлы Жанаттың үйінде тұрып, Қауменовтер әулетінің берекесіне айналды. Балаларынан өрбіген немерелерін көріп, шөберелерін сүйіп, өмірден аттанды. Әлі күнге дейін ана жүрегінен шуақ тарап тұратын туған үйінің жалғыз аттам ғана босағасын сағынады. Сол босағадан ақ пейілмен аттайтын ауылдастарын сағынады. Асқақ армандарды бойына ұялатқан балауса балғын шағын сағынады. Екіаша орта мектебін бітіріп оқуға аттанарда ауылды құшағына алып тұрған Марқатауына қараған. Тау сынды биік болуды, тау төскейіндей кең болуды туған жерінен үйренді ол.
Анасының ақ батасымен үйленген Мұрат ағамыздың ақеділ жары Лариса Мерхабуллақызының орны қатарлас, сырлас, пікірлес отбасылардың ортасында айқын сезіледі. Келген жеріне әдемі бір шырайлы шуақ сеуіп, нұрландырып жіберетін бұл кісінің ақжарылқап мінезі балаларына қонған. Бүгінгі таңда Қазақстанның әсемдік әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, қазақ елі дизайнерлерінің көш басындағы Аида Қауменованың бойында да осындай кісі жатырқамайтын бітім-болмыс бар. Ұлы Ролан болса әке жолын жалғастырып, қожалық қам-қарекетін мойнына алған азамат. Жәмилә, Томирис, Алтынай, Сабрина, Айша, Арлан атты немерелері Қауменовтер әулетінің баянды болашағы, келісті келешегі һәм үкілі үміті.
Мұрат ағамыз жетпістің белесіне жігерлі жетті. Әлі де аттан түскен жоқ. Шаруа қожалығының жұмысын шыр айналдырады. Жылдың төрт мезгілінің өзіне тән ерекшелігі болса қожалық басшысы алдымен иелігіндегі мал мен жанның амандығын ойлайды. Күннің райына қарай жұмысын үйлестіріп отырады. Бір күні жылға азық болатын көктемде тыным таппайды. Күзде егістік алқабындағы астығын, жем-шөбін ысырапсыз жинап алудың қам-қарекетін жасайды. Жас кезден тұла бойына сіңген ықтияттылықтан, тиянақтылықтан, талапшылдықтан жаңылып көрген емес.
Мұрат Иманұлы еңбекті сүйетін, еңбексіз отыра алмайтын адамдарды жанына жақын тұтады. Төккен терінің, адал еңбегінің нәтижесін көргенде ауру-сырқаудан ада қылып, кәсібінен нәсіп табуға мұрсат берген уақытқа ризашылығын білдіреді. Тапқанын қара басына ғана пайдаланбай айналасымен бөліседі, жыл сайын қайырымдылық шараларына атсалысып, өз бастамасымен тұрмысы төмен отбасыларын ұнмен қамтамасыз етуді естен шығарып көрген жоқ.
Адам өмірінің өнегелі тұстарының шуақты сәттерінің көп болуы, айналасындағы жақсы адамдарға байланысты. Алматы кинотехникумын тәмамдады. Әскери борышын өтеді. Ақсу аудандық ақпараттық-есептеу стансасында инженер болып жүріп, комсомол ұйымының хатшылығына сайланды. Сол ауданның «Қаракемер» совхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы болды. Алматы ауылшаруашылық институтын экономист мамандығы бойынша бітірген соң 1984 жылы туған ауданына оралып, «Пограничник» совхозында бас экономист болып үш жыл қызмет атқарды. Сарқан аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына көтерілді. Аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. Отызда орда бұзған жігіт қамал алатын қырық жасында «Семиречье» колхозы басқармасының төрағалығына сайланды. Осы қызметтерде жүргенде айналасындағы тәжірибелі ағаларының игі ықпалын сезінді. Сол кісілердің бойынан кісілікті, турашылдықты танып, өзіне ұстаз тұтты.
-Ұстаз дегенді міндетті түрде сол кісінің алдынан дәріс алу деп ұғынбау керек. Адамды ұстаз тұту деген түсініктің аясы кең, оның жақсылығынан өзіңе ғибрат алып, жақын тарту, соның өнегесінен үздіксіз үйрену,-дейді Мұрат Иманұлы.
Сол сөзінің айғағындай біздің кейіпкеріміз Сарқан ауданының Құрметті азаматтары Болат Рахметқалиев, Қанат Маманбаев, Оралхан Дауытов, Нафих Ахметов сынды ағаларын құрмет тұтады, өнегелі істерінен үлгі алады, баталы сөздерін ғибрат тұтады. Ағалары да өз кезегінде Мұрат Иманұлының шаруашылық тізгінін қолға алған жылдардан бергі жемісті жетістіктерін, жақсы қасиеттерін, бірсөзділігін реті келгенде айтып отырады.
Шаруақор жан үшін жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлік жалғасын табады. Ана жылдары балаларының тілегімен қалаға көшу күн тәртібіне қойылған. Жеме-жемге келгенде Мұрат ағамыз туған жерін қимады. Жасыл жайлауды, аспан таулардағы еркін самғаған сұңқарларды, өзендердің бастауындағы тынбай ағып жатқан қайнар бұлақтарды, халық дастарханы, ел игілігі үшін қақаған боранда аяз жұтып, жазғы аптаптың керімсалына қақталған жерлестерін қия алмады. Көпке керек болу, ел еңсесін көтеруге үлес қосу, заман талабынан қалмау жеті ондықты бағындырған Мұрат Иманұлының басты мақсаты. Қаршыға көзімен қиырды шолып тұратын бұл ағамыз туған жерінің тамаша суретін, дархан табиғаттың мейірімді дидарын күн сайын жұрттан бұрын көруге асығады. Арайланып атқан ару таңмен тілдесіп, көңілі тасып қуанышқа бөленетін Мұрат Қауменовтың кіндігі туған жерге берік байланған.
Жомарт ИГІМАН.