
Жақында аудандық әкімдіктің кіші мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Алмас Байғонысовтың төрағалығымен қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелерін арқау еткен жиын өтті.
Негізі баяндаманы ҚР мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігін бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің бас маманы Шыңғыс Әбішев жасап, өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарты қызметкердің қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым оқиға себебінен орын алған қаржылық, материалдық шығындарды өтеуге ықпал ететіндігін атап өтті. Шыңғыс Жанайдарұлының сөзінше сақтандыру төлемдері арқылы жұмыста өмірі мен денсаулығына зиян келіп, нәтижесінде мүгедектігі туындаған жұмысшылардың мүліктік мүдделері қорғалады. Бұл жұмысшылар үшін маңызды әлеуметтік кепілдік және еліміздегі жұмыс берушілер үшін міндетті заң талабы. Тексерулер жұмысшылардың өндірістегі жарақаттары үшін өтемақы алуды қамтамасыз ету үшін қажет, осылайша жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан қорғауға арналған заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етеді.
Баяндамашының айтуынша Қазақстанда қызметкерлердің сақтандыру келісімінің жоқтығы туралы өтініштерін тексеруді Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменттері жүзеге асырады. Жұмыс берушілер, оның ішінде мемлекеттік кәсіпорындар осы шартты жасасуға міндетті, ал сақтандыру ұйымдары осы шарттың міндеттемелерін орындауға міндетті. Ресми деректерге сәйкес, облыста сақтандыру жүйесіне кіруге міндетті 70-ке жуық мемлекеттік кәсіпорын жұмыс істейді екен. Біздің міндет жұмыс берушіні жазалау емес, заң талаптарын түсіндіру, азаматтардың құқығын қорғау деген баяндамашы сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 230 – бабына сәйкес қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру келісімінің жоқтығы үшін айыппұлдар қарастырылғандығын тілге тиек етті.
Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, маманның жауабына ден қойды.
Өз тілшіміз.