Осындай тақырыппен аудандық мәдениет үйінде наурыздың 1-інде мерекелік іс-шара өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 14-қаңтардағы №173 Жарлығы бойынша 1-наурыздың Алғыс айту күні мерекесі болып бекітілгені Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбековтың сөзіне арқау болды. Бұл уақыттың өзі талап еткен, ХХ ғасырдың зұлматы қайталанбауы үшін оны бастан кешкен халық жадысын жаңғырту мақсатында пайда болған мереке.
Жиында Алматы облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт береке мен бірлікпен ел байлығын еселеуге үлес қосып жүрген аудан жұртшылығына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ауданда қоныстанған бірқатар ұлттар мен ұлыстардың өкілдері Рәзия Атабаева, Татьяна Кузнецова қиын кезеңде қолдау көрсеткен қазақ еліне алғыстарын ортаға салды.
Жиын соңы аудандағы әр салада жүрген орта буын өкілдері арасындағы өнерпаздар ұйымдастырған «Алғыс ай-ту» күніне, Астананың 20 жылдығына, Сарқан ауданының 90 жылдығына арналған «Еңсең биік болсын мәңгі, Ел-Анам!» атты концертке ұласты. Концерт барысында қазақ еліне алғысқа толы ән мен жыр, күмбір күй мен мың бұралған би орындалып, тасада жүрген таланттардың өнерлері көрерменмен қауышты.
Мерекелік концерт Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Жомарт Игіманның «Еңсең биік болсын мәңгі, Ел-Анам!» өлеңімен ашылды.
Бақалы ауылының кітапхана-шысы Сәуле Құрманғалиева, Шатырбай ауылының бұлбұл үнді әншісі Жәмиля Молдабаеваның әсем әндері көпшілікті баурап алып, Шатырбай ауылының тұрғыны Мәмиля Өнерханова оқыған Мұхтар Шахановтың «Ғашықтық ғаламаты» балладасы жұртшылыққа ой салды. Сонымен қатар күйші Оразхан Ахметова, әнші Зәуре Қамидолдина, «Балдырған» балабақшасының бишілер то-бы өнерімен елеңдетіп, «Бал-дырған» балабақшасының тәрбиешілері Толқын Мантекова, Мадина Ербаланова көрермендер көңілдеріне қуаныш сыйлады. Сондай-ақ Екіаша ауылының өнерпазы Гульбарам Қасымханова, жергілікті ақын Ұлжан Нұрғалымқызы, Лепсі ауылының тұрғыны Айжан Аюбаева, аудандық аурухананың медбикесі Алмагүл Садықова, биші Динара Арынбекова, Лепсі ауылының өнерпазы Ботагөз Рахманова, сарқандық кәсіпкер Ардақ Қарашева, Бірлік ауылының тұрғыны Марат Білмесханұлы, аудандық аурухананың қызметкерлері Сәуле Рысбаева мен Алмагүл Қанапиянова, аудандық мәсли-хаттың депутаты, Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Сания Елубаева, Екіаша ауылдық мектебінің мұғалімі Матайбек Молдахметов, ерлі-зайыпты өнерпаздар Максим және Светлана Гылко, шатырбайлық Серік Бегімбетов концерт ажарын аша түсті.
Дәстүрлі концерттің эстафетасы аудандық пошта то-рабының басшысы Дәулет Ілімханұлына және Сарқан қала-сының әкімі Амантай Орынбековке табыс етілді.
Концерт соңында аға буыннан бастау алып, жалғасын тапқан думанды кеш қатысушыларына аудан әкімі Ерғазы Қошанбекұлы алғысын білдірді.
Өз тілшіміз.