Еңселі ғимарат – шәкірттер игілігіне

Өткен жұмада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында аудан орталығындағы жөндеуден өтіп, еңсесі көтерілген Абай атындағы мектеп-гимназия ғимараты салтанатты түрде  ашылды.

Хәкім Абай атаның атымен аталатын оқу орнының абаттанып, ажарланған сәтіне куә болғандар бүгінгі буынға  заманауи сипаттағы ғимаратты сыйға тартқан ел ағаларына алғыстарын ақтарды. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Марат Разбеков Елбасымыздың қолдауымен жаңғырған білім ордасы шын мәнінде заманға лайық ұландарды қанаттандыратынына зор сенім білдірді.  Мектептің сапалы салынуына күндіз-түні тыным таппай, лайықты үлесін қосқан мердігер компанияның басшысы Нұржан Тоқтаев ғимараттың  символдық  кілтін мектеп-гимназия директоры Нұрзиля Есенғұловаға табыс етті. Жиналғандар алдында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков ақжарма батасын ақтарды. Арнайы арнау айтылып, шашумен, ізгі тілектермен айшықталған салтанатты жиында Марат Мелісұлы мен аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов жаңа ғимараттың лентасын қиды.

Меймандар мен ата-аналар бұдан соң жаңа ғимараттың кең де жарық кабинеттерімен танысып, мәжіліс залындағы мерекелік концертті тамашалады.

 

Ж.МАҚАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: