Өткен аптада аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен аудандағы білім ордаларының 9-11 сынып оқушыларының қатысуымен «Жас құтқарушылар» жасақтары арасында №34-ӨС бөлімнің дайындық алаңында өрттен-құтқару спортының жекелеген түрлері бойынша жарыс өтіп, ең үздіктер анықталды.
Аталмыш жарысты өткізудегі негізгі мақсат қазақстандық патриотизмді, жігерлілік, ұжымдық сезімді тәрбиелеу, дене шынықтыру, өрттен құтқару спортын насихаттау және имиджін көтеру және бастысы жасөспірімдердің құтқару қызметіне қызығушылығын арттыру болып табылады. Сонымен жарыстың кезеңдері мынадай атаулардан құралды: капитандар конкурсы, екінші қабатқа жауынгерлік сатымен көтерілу, жауынгерлік оқпанды іске қосу, сурет байқауы және уақытқа арқан байлау кезеңдерінен тұрды. Осынау жарыс жыл сайын тұрақты түрде өткізілетіндіктен биылғы қатысушылардың дайындықтары жақсы екендіктері айқын сезіліп, ертеңгі ұландар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Бастысы жарыстың қорытындысы бойынша әрбір жас құтқарушы құтқарудың бірнеше әдіс-тәсілдерін меңгерді. Сондықтан ауылдардың басым бөлігі аудан орталығынан шалғайда орналасқандықтан, жас құтқарушылар жасақтары өрт сөндірушілер келгенге дейін өртті өздеріне қауіпсіз тәсілдермен тежей тұрады деп нық айта аламыз.
Оқушылар жарысқа үлкен қызығушылықпен ат салысып, білмегендерін мамандардан сұрап, үйреніп жатты. Жарыстың нәтижесі бойынша Н.Островский атындағы мектеп-лицейінің жас құтқарушылары үздік болып танылса, Бірлік пен Екіаша орта мектептерінің жас құтқарушылары тиісінше 2, 3 орындарға ие болды. Бүгінгі жас құтқарушылар-ертеңгі Отан қорғаушылар. Ең бастысы сайысқа қатысушылар осыны айқын сезінді.
Өз тілшіміз.