Егінжай күні

Агроөнеркәсіп кешенін толық іске асыру асыраушы саланың алдында тұрған басты міндет. Осыған орай елді мекендерде қарқынды жұмыстар қолға алынуда.

Жуырда Сарқан ауданының Черкасск ауылдық округінде «Душкин» шаруа қожалығының базасында «Егінжай күні» іс-шарасы өткізілді. Егінжай күнінде  техникалық дақылдарды себу алдындағы топырақты өңдеуге бейімделген  Франция, Польша мемлекеттерінің ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі өткізілді.

Жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қоюмчан Омаров қатысып, дала жұмыстарының сапалы атқарылуына мүмкіндік беретін жаңа технологияларды пайдаланудың маңыздылығына тоқталды. Қоюмчан Аванұлы  жыл сайын егістік көлемінің сапасын арттырып отырған  Алматы облысының алда тұрған міндеттерін саралап берді.

Егінжай күніне арнайы келген Қазақстан Республикасы бойынша «UNIA» компаниясының өкілі Р.Н.Айдашов, «AGRISEM» зауытының өкілі Иван Яфаев,  «СпецАгроТрейд» ЖШС компаниясының директоры Алексей Ни,  Алматы облысы бойынша «UNIA» компаниясының өкілі Талғат Мейіров өз салалары бойынша жүзеге асырылып отырған жұмыс нәтижелерімен, өркенді өзгерістерімен бөлісті.

-Жиынға қатысқан аудан аумағындағы ауылдық округ әкімдері және тауар өндірушілер Франция, Польша мемлекеттерінің жаңа техника өнімдерінің бірегей технологиясымен танысты,-дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жандос Өмірсадық. -Мұндай шаралардың аграрлық сала қызметкерлеріне берері мол.

Ж.Мақатұлы. 

Мәліметпен бөлісу: