Экс-сенатордың жеке көрмесі

Елордадағы  Ұлттық музейде  мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, профессор Төлеубек Мұқашевтың «Балалық шаққа саяхат» атты жеке көрмесі өтіп жатыр.

2014-2020 жылдар аралығында Сенат депутаты болған Төлеубек Мұқашев зейнетке шыққан соң бұрыннан армандап жүрген алғашқы көрмесін өткізуді қолға алған екен.

— Бұл көрме өзіміз туып-өскен жерді, табиғатымызды, балалық шақтың алаңсыз уақытын ұмытып, күнделікті қарбаласпен өмірін өткізіп жатқан жандарға еске түсіру мақсатында ұйымдастырылды. Жас кезімнен бастап әрдайым сурет салып жүрдім. Қазір зейнетке шығып, бос уақытым көбейген соң осындай көрме өткізуді қолға алдым,- дейді экс-сенатор. Ол сурет арқылы ойындағысын  жеткізгісі келетінін айтты.

— Алғаш рет осындай көрме ұйымдастырып отырмын.Шабытымнан туындаған сүйіспеншілікті басқаларға, келе жатқан ұрпаққа көрсетсем деймін. Көрме оларды табиғатты құрметтеуге, туған жерді бағалауға насихаттайды деген ойдамын,-дейді профессор.

Көрме мақсаты – танымал суретші Т.Т. Мұқашевтың туған өлке, ұлттық тарих пен мәдениет тақырыптарына арналған шығармаларын өнерсүйер қауымға кеңінен насихаттау, таныту.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Төлеубек Төлеуұлы өмір бойы ізденісте жүретін өмірге де, өнерге де шын ғашық жан! Себебі реалист суретші бар әлем тек таңғажайыптан тұрады деп өмір сүреді. Бұған суретшінің қылқаламынан туындаған пейзаждық туындылары айқын дәлел. Көрменің «Балалық шаққа саяхат» аталуы да бекер емес. Төлеубек Мұқашевтың бала кезінен бастау алған шығармаларынан жан дүниесінің тазалығын, елі мен жеріне деген шексіз сүйіспеншілігін байқауға болады» — дей келе көрме жұмысына сәттілік тіледі.

Төлеубек Мұқашев 1975 жылы Қазақстандағы бейнелеу өнері саласындағы ең беделді жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген.

Еңбек жолының алғашқы жылдарында Алматы қалалық өндірістік көркем-безендіру комбинатын (1987-1994ж.ж.) басқарды. 1994-2002 жылдары Алматы қаласы «Алматықалабезендіру» АҚ Президенті болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Түлектер қауымдастығының президенті, университеттің Құрметті профессоры.

Өнер иесіне «Қазақстанның еңбек сiңiрген қызметкерi», «Алматы қаласының құрметтi азаматы» атақтары берiлген. Сонымен бiрге «Парасат» орденiмен (2005), «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiгiне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентiне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Тәуелсiздiгiне 20 жыл», (2020), «Нұр Отан» ХДП «Белсендi қызметi үшiн» медальдарымен, III дәрежелі «Барыс» орденімен (2020) марапатталған.

Пейзаж — Т. Мұқашевтың жанына жақын жанр. Суретші үшін табиғат –сұлулықтың, тазалықтың мәңгілік үйлесімінің мекені. Туған жері Т.Мұқашевтың бүкіл шығармашылығының өзегі десе де болады. Экспозицияға ұсынылған 50-ге жуық картиналарында Жетісу жеріне тән әдемі пейзажды, қызғалдағы жайнаған дархан даланы, тыныштыққа бөккен табиғат тылсымын әсерлі бояусыз шынайы жеткізген.

Шара барысында сөз алған Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері Бірғаным Әйтімова: «Төлеубек Төлеуұлы — Қазақстанда мемлекеттік қызметімен қатар, өнерін де дамытып, көпшілікке ұсынған бірінші сенатор. Бүгінгі көрме суретшінің туған жеріне деген алғысы, сүйіспеншілігі, махаббаты», — десе, өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақытжан Жұмағұлов, Жақсыбек Құлекеев суретші туындыларының келешек ұрпақ үшін таусылмас рухани азық болатындығын атап өтті.

 Іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қылқалам шеберінің туындыларын тамашалаймын деген көпшілік үшін көрме екі ай бойы ҚР Ұлттық музейінде экспозицияланады.

Мәліметпен бөлісу: