Тәуелсіздік – қазақ халқына ашы термен келген тәтті жеңіс, ата-баба аңсауы, ұрпақтар асыға күткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы қазақ халқы үшін тасқа ойылған, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін күрескен мыңдаған құрбанның қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.
Қазақ халқы тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 30 жыл. Осы отыз жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына тәуелсіз ел болды. Бұл халық үшін, ұлы жеңістің жемісі деп білемін. 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен тілі, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен діні болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұра білген намысшыл, қайратты аға-әпкелеріміздің ерлігінің арқасында рухы мен абыройы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
1991 жылы қазақ елі тәуелсіздігін алған кезде тек халық болып өз ішімізде қуанған жоқпыз. Қазақ елінің өз алдына республика, мемлекет болуын қалаған, әрі ең бірінші болып мойындаған ел Түркия мемлекеті болатын. Бұл тәуелсіздікті бір ел ғана емес, бүкіл мұсылман елі болып қолдайды деген сөз. Ал іргесі қаланған жаңа республиканың әрі қарай бекем болып аяққа тұруына, байтақ, бай ел болып өмір сүруі үшін ерен еңбек керек еді. Елдің болашақ тағдыры, оның ішкі және сыртқы саясаты, экономикасы, тілі, діні, ақшасы деген секілді көптеген құндылықтарға келіп тірелетіні сөзсіз. Атап айтсам, 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері: тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің ерекше белгісі ретінде Елтаңба, Ту және Әнұран қабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 29 қазандағы Жарлығымен ұлттық валюта – теңге Қазақстан Республикасының аумағында айналымға енгізілді.
Алғашқы мемлекеттік акт – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларация» болып табылады. 1993 жылы 28 қаңтарда егемен Қазақстанның Тұңғыш Конституциясы қабылданды. Аталған құндылықтарды отыз жыл ішінде үлкен мақсатқа айналдыра білдік. Тіпті бүгінде еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласы болып өзгерді. Алма апортына бүкіл ел сүйсінген Алматының өзі мәдениет пен әдебиеттің қаласы болды.
Тәуелсіздік келгенге дейінгі қазақ халқының тарихына тоқтала кетуді жөн көрдім.Тарихты білмей болашақты болжау мүмкін еместігінің тағы бір дәлелі Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың мына бір сөзінде «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек».
Арысы қазақ хандығынан басталатын, берісі егеменді елдің іргесі қаланғанға дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтап келер ұрпақтарға аманаттау. Жәнібек пен Керейдің құрған, керген керегесін ұрпақтар жалғасын тауып абыройын көкке көтеріп, Отанды қастерлеп өту, тілін, дінін құрметтеу әрбір ұрпақтың міндеті деп түсінемін. Сонымен қатар, қазақ халқының Ресей құрамына қосылу тарихында еске түсірсек. Ол да бір ғасырға жуық уақытқа созылған, қанды шайқас, ұрысқа толы үрдіс болды. Алдымен қазақтың үш жүзіне көз тікті. Қай — қайсысы болсын орыс патшалығының құрамына өз еркімен қосылмады. Отарлау саясаты халықты қырғынға ұшыратты. Жер-жерде түрлі көтерілістер болды. Олардың ішінде Сырым Датұлының, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының, Жанқожа Нұрмұхамедұлының, Кенесары Қасымұлының Ұлт азаттық көтерілістерін атап өтпесем болмайды. Барлық көтерілістердің нәтижесі қайғыға толы қанды қырғын. Дегенмен, ол ұлт бойындағы азат рухтың, еркіндікке деген ұмтылыстың отын сөндірмеуге өз септігін тигізді деп ойлаймын. Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бекер айтылмаса керек. Орманы жоқ құстың ұясы да, қонар бұтағы да жоқ делінген. Дәл сол секілді тәуелсіздігі, еркіндігі жоқ елдің тірлік кешудегі ортасы болмай, ұясы жоқ ұлттың өмір сүруі мүмкін емес. Айтар ойым тәуелсіздік еліміздің еркіндігі.
Тәуелсіздік–төгілген қанның, өлмеген жігердің отымен келген ұлы күн. Аталған отыз жыл ішінде Қазақстан мемлекеті әлемге жеке дара тәуелсіз ел екенін дәлелдей білді.
Қ.Нәдірова,
М.Төлебаев атындағы орта мектебінің әлеуметтік педагогы.