«Көктем – 2022»
Тәуелсіз еліміздің тыныштығын күзету – ер азаматтар үлесіндегі қастерлі міндет. Бүгін тепсе темір үзетін жігіттер сапқа тұрып, туған Отанының тыныштығын қорғауға салтанатты түрде ант берді. Рәсім ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы бойынша шекара ауданының Ақжар ықшамауданында орналасқан кәсіби-техникалық және дайындық бөлімінде өтті.
Жас жауынгерлер курсынан өтіп жатқан 400-ден астам сарбаз Ант берген шараның ерекшелігі, рәсімді бүкіл республика жұртшылығы тамашалай алатын тікелей көрсетілім ұйымдастырылса, бұл күні алыстан ат арылтып жеткен ата-ана, туыс, достардың санында да есеп болған жоқ. Сондықтан шекарашы атанғалы тұрған сарбаздардың өміріндегі атаулы күн олардың жақындарының да жадында мәңгілік сақталып қалатын күн болғаны хақ.
Айту керек, аталған шекара басқармасының қақпасынан наурыз айында алғаш рет аттаған сарбаздардың бүгінгі аяқ алыстары ширақ, жүрістері біркелкі. Бұл – олардың әскери өмірдің қатаң тәртібіне қалыптасып үлгергендерін білдіреді.
Мамырдың бірінші жексенбісі. Таңғы сағат 10.00. Әр сарбаздың өмірінде алтын әріппен жазылып қалуға тиіс айтулы сәт.
«Бөлім тік тұр! Назар солға!» Басталды. Шекара басқармасының Жауынгерлік Туы әкелінген соң шара да басталып кете барған. ҰҚК Шекара академиясынан арнайы шақыртылған әскери оркестрдің сүйемелдеуімен, еліміздің Әнұраны орындалып, аталған басқарма басшысы подполковник Н.Бердібаев сапқа тұрған жас сарбаздарды атаулы мерекесімен құттықтады. Бұдан әрі болашақ шекарашылар ант қабылдауға кірісті.
Рәсімге Алматы облысы бойынша департаменті бастығының орынбасары полковник А.Муналбаевпен бірге шекарашы ардагерлер және Наурызбай батыр ауданының әкімдігінен келген қонақтар қатысты.
…Ант қабылдау рәсімінен соң басталған жиында департамент бастығының орынбасары полковник Арнұр Муналбаев, «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы запастағы полковник Александр Дубов, Ауған соғысының ардагерлері запастағы полковниктер: Григорий Куликов, Жеңісбек Сүлейменов, Болат Құрамысовтарға берілді. Сондай-ақ, сарбаздармен бірге көпшілік Наурызбай батыр ауданы бойынша Қорғаныс істер бойынша департаменті бастығының орынбасары запастағы майор Ержан Алиновтың да айтар тілегіне құлақ түрді. Ата-аналар атынан сөз сөйлеу құрметін Ерғожа Шереханов және Ұлмекен Ержанова апай иеленді.
Ата-аналардың жүрегіндегі сөздерді жеткізген Ерғожа ағамыздың ұлы қатардағы жауынгер Нұрсұлтан Абылай:
— Мен өзімнің қаруластарымды берген сертімізге адал болып, табандылықпен, ержүректілікпен борышымызды өтеуге шақырамын. Ант қабылдау – баршамыз үшін маңызды күн. Елім дейтін ер болып, қайтпас қайсар азамат болып, тепсе темір үзетін әскери өмірдің қиындығы мен ауыртпалығына шыдайтын, кез келген уақытта қолына қару алып, елін қорғауға дайын, туған жерінің шекарасында жүретін сарбаздарға айналамыз, — деді.
Иә, осы сәт, сарбаздың қасында болған әке жүзіндегі мақтаныш пен қуанышты байқау қиын емес еді…
Айту керек, әскери өмір, шекара – кез келген шекарашының бойына күш құйып, шабыт сыйлайды. Ақын етеді. Мінберге Нұрсұлтанмен бірге көтеріліп, әріптестерін бүгінгі мерекесімен құттықтаған қатардағы жауынгер Александр Малышев көптің алдында өлең оқыды. Бұл – бастамасы, жас шекарашының жаңадан басталған жыр дәптеріне алдағы күндері жауһар сөздерге толыққан үстіне толыға түседі деген сенімдеміз.
…Жиынның соңы толыққанды шекарашы атанған сарбаздардың салтанатты шеруіне ұласты. Бұдан әрі, қалың жұртшылықтың назарына жас әншілер мен бишілердің мерекелік шағын концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Ал санаулы минуттардан соң республиканың түкпір-түкпірінен жеткен қауым тағатсыздана тосқан сәт те туып, өздерінің Отан оғланы атанған ұлдарымен қауышқан… Ата-ана – ұлымен, ата-әже – немересімен, дос – өзінің құлын-тайдай тебісіп өскен құрбысымен, бойжеткен – сүйген жігітімен… Демек, осынау қаншама жүректі тулатқан айтулы күннің ешқашан ұмытылмайтыны, әсіресе жас шекарашы сарбаздардың бойына еселеп күш құятыны хақ. Ендеше, сәт-сапар, жас сарбаздар, ел тыныштығы өздеріңе аманат!
Майор Х.ӘДІЛ.