Ел дамуына оң серпін беретін нақты қадам

Жуырда Сарқан аудандық әкімдігінің кіші мәжіліс залында  Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты Төлеубек Мұқашев Сарқан ауданы  сайлаушылары өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесуге облыстық, аудандық мәслихат депутаттары (14 депутат), аудандық мекеме – ұйым басшылары, аудандық Қоғамдық Кеңес мүшелері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков қатысты. Кездесуді аудан әкімі Марат Разбеков ашып, жүргізді. Сенат депутаты Төлеубек Төлеуұлы «Педагог мәртебесі туралы» Заңын жиналғандарға жан-жақты түсіндірді, бұдан соң осы Заң төңірегіндегі  ой-пікірлер  ортаға салынды.

Алғашқы сөз тізгінін алған   Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жамал Құлахметова ұстаздардың Заң жобасын талқылаудағы барлық ұсыныстары аталған Заңда толық көрініс тапқандығына ризашылығын білдірсе, аудандық білім бөлімінің басшысы Панар Имангазиева ұстаздардың 16 сағаттық апталық жүктемесінің 2021 жылы ғана енгізілетіндігін айтып, Заңда мұғалімдердің зейнетке шығудағы еңбек өтілі ескерілмегенділігіне тоқталды.

Келесі кезекте атаулы әлеуметтік көмектің өзгерістері сөз болып, бұл бағыттағы шешімін табуға тиісті іс-шараларды аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржан Адилова айтып өтті. Қазіргі таңда АӘК-нің ережелері нақтыланбағаны қолбайлау болып отыр. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына арнайы әлеуметтік пакет беруде оңтайлы шешім қажет. Осы тақырыпта жұмыспен қамту орталығының директоры Дидар Сағынғали атқарылып жатқан жұмыстарды өз сөзіне арқау етті. Сонымен қатар кездесуде мал ұрлығы бойынша қатаңдатылған шаралардың дұрыстығын аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұрат Қалиасқаров мәлімдеді.

Аудан тұрғындарының өміріне елеулі өзгерістер әкелетін, ел дамуына оң серпін беретін мұндай нақты қадамдар қалың қауымның үмітін үкілей түседі.

Жомарт ИГІМАН,

аудандық мәслихат депутаты.

Мәліметпен бөлісу: