Ел ерлерін ұмытпайды

2019 жыл еліміз үшін атаулы, айшықты даталарға толы болды. Сондай мерейлі мерекенің бірі-Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл. Дегенмен осынау зымыран уақыт бәрібір көптеген жанұяларға түскен жан жарасын жаза алмады. Баладан, бауырдан, ағадан айырған осынау соғыс 10 жылға созылып, оған Қазақ жерінен 22 269 адам аттанған. Оның 761-і қаза тауып мыңдаған жүректер қайғыдан қан жылады. Басшылық бұйрығын талқыға салмай орындағандардың қатарында 125 сарқандық та болды. Ел ерлерін ұмытпайды. 2013 жылы  12 жерлестеріміздің есімі тасқа қашалып жазылып, «Жастар» саябағына ескерткіш болып орнатылды. Жыл сайын соңғы солдат Ауған жерін артқа тастаған күні, яғни 15 ақпан жұртшылық ерлерге тағзым етеді.

Өткен жұмада ауғандық ардагерлер бақилық болған қаруластарының құрметіне арнайы ас берді. Алдымен жиналғандар боздақтарды еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Мейрамханада ауданның бас имамы Серікбек Асқар есіл ерлердің рухына құран бағыштады. Асқа қаза тапқан жерлестеріміздің туған-туысқандары, ақсақалдар, 24 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа еріксіз тартылғандар қатысты.

1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасындағы Пшихавр шатқалында моджахеттермен болған қарулы қақтығыста қазақстандық 30-дан астам жауынгер ауыр жарақат алса, 17-сі жер құшқан. Шарада осынау ұрысқа қатысқан сарқандықтарға медаль табысталып, құрмет көрсетілді.

Алматы облыстық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Қайрат Жанабаев, аудандық мәслихат хатшысы Қадыр Абдрахманов, «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Аслан Күбентаев мерекеге орай лебіздерін білдірді.  Сарқан аудандық ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқжігітов аталмыш шараға демеушілік көрсеткен азамат, «Мақай» ЖШС басшысы Аслан Мұқатаевқа алғысын ақтарып, мерекелік медальді өңіріне қадады. Сондай-ақ 30 жылдыққа арнайы шығарылған медальдар бұл күнге жете алмаған Байбосынов Ерғазы, Қойбағаров Серік, Байжігітов Қаматай, Жаникенов Байжан, Мұхаметқалин Сұлтанбек, Асылбеков Айтбек, Түндебаев Нығмет сынды азаматтардың ет-жақындарына табысталды.

Қазіргі таңда оқ пен оттың ортасынан оралған осынау батырларды құрметтеу жағы кемшін түсіп жатқандығы да жасырын емес. Бұл өлілерге емес тірілерге қажет дүние. Ұрпақ тәрбиесі ақсап тұрған тұста Отанға шынайы беріле қызмет етудің жарқын үлгісін паш еткен ауғандық ардагерлерге лайықты құрмет көрсетіп, олардың ерлігін жас буынға өнеге етіп, патриоттық сезімдерін ұштай түссек бұдан ұтарымыз көп болмақ.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: