Амангелді ауылдық округінде есепті басқосуларда ауыл тұрғындары, әсіресе ардагер ұстаз Есбала Сүдірбаева тарапынан әлеуметтік дүкен ашу мәселесі жиі көтерілетін. Жуырда ауыл жұртшылығы осынау игілікті істің жүзеге асқандығына куә болысты. Береке-бірлігі жарасқан аталмыш өңірдің кәсіпкері Бақтыбала Дүйсенбекова өз күшімен ауылдағы ескі ғимаратты жөндеп, жерлестерінің игілігіне ұсынды. «Рахмет» атауымен айшықталған әлеуметтік-қайырымдылық дүкенінің ашылуын тұрғындар қуанышпен қабылдады. Шарапатты шарада ауылдық округтің әкімі Еркінұзақ Дармышев, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Жамал Құлахметова, аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Кенже Тазабекова, кеңес мүшелері және тілеулес жандар ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісіп, қайырымдылыққа бастайтын, жүректерді мейірімге толтырып, алғаусыз алғыс айтылатын дүкеннің алқызыл лентасын салтанатты түрде қиды.
Аталмыш нысан округтегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелеріне, мұқтаж жандарға тегін киімдер ұсынып, басқа да тұтынушыларына айтарлықтай жеңілдіктермен өз қызметін көрсететін болады. Шара барысында хәкім Абайдың «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін отаған хайуаннан қай жерің артық» дейтін ғақлиясы еске түсті. Өзгеге қайырымдылық қолын созу да үлкен жүректі қажет етеді. Іс иесі Бақтыбала Уәлиқызына қарата айтылған «Игілікке қызмет етсін, қараша алғысын ала беріңдер» деген көп тілегін іштей біз де құптап қайттық.
П.ЖЕҢІСХАН.