Ел әлеуетінің артуында әркімнің үлесі бар

«Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шыңдап түсуіміз керек. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең байтақ жеріміздің байлығы  осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт  өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік». Елбасының осы сөздерін көкірек көзінен өткізіп, санасында салмақтаған әрбір жан көп дүниені аңғарар еді. Бұл біздің баянды болашағымызға сілтенген бағыт емес пе?! Егемен ел атанған соң сол бақты баянды етуді әрбір қазақстандық мерейлі міндетім деп ұғынуы тиіс. Яғни, ортақ істе тоғызыншы территорияның  әрбір тұрғынының өзіндік үлесі бар. Тоқсаныншы жылдарғы тоқырауда тұралап қалған елді мекендердің мемлекет қолдауымен бүгінгі таңда еңсе түзегендігі белгілі. Кезінде ауылшаруашылық саласындағы көшілгері көрсеткіштерімен Республиканы былай қойып, Одаққа белгілі қаншама ауылдар мемлекет мақтаны бола білді. Сол санатта саналатын Амангелді ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тірлігімен таныспаққа жуырда ат басын үш ауылдың басын біріктіріп отырған елді мекенге бұрдық. Үзақ жылдар ауылдық округті басќарып, мұндағы тірлікпен біте қайнасқан Дармишев Еркінұзақ Оңалбекұлына сауалдарымызды қойдық.

 

-Еркін аға, тәуелсіздіктің ширек ғасырында өзіңіз басқаратын ауыл қандай белеске көтерілді. Жалпы, саялы өңіріміздің өркендеуінде өзіндік үлесі бар осынау ауылдың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық ахуалы қай деңгейде?

-Ия, Елбасының сауатты саясатының арқасында өркениетке жол салған жиырма бес жыл біздің ауылға да азды-көпті жақсылығын ала келді. Сонау жылдармен салыстырғанда жағдайымыздың біршама жақсарғаны дау тудырмайды. Ауызсу, жол, мәдениет, денсаулық салаларындағы салмақты көрсеткіштер сөзімізге айқын дәлел. Жалпы округте екі мыңға жуық жан тұрады. 3 орта мектеп, 3 денсаулық нысандары, 3 Қазпошта бөлімшелері, 9 дүкен тұрақты жұмыс жасап тұрғындарға қызмет көрсетуде. Округтегі 123 шаруа қожалығы, 1 өндірістік кооператив, 5 жауапкершілігі шектеулі серіктестік нәтижелі еңбек етіп ортақ қазанның ортаймауына жұмыс жасауда. Ауылшаруашылық өнімдерінің 76,1% егін шаруашылығына, 23,9 % мал шаруашылығына тиесілі. Үстіміздегі жылы барлығы 14463 мың га көлемді жерге дән себілсе оның 110 га алқабын экономикалық маңызы зор өнім-қант қызылшасы алып отыр. Мал басын өз төлі есебінен көбейту мақсатында округ аумағында ірі қараны қолмен ұрықтандыру үшін екі ұрықтандыру пункті жұмыс жасайды.  Биыл әр сиырдан 2795 литр сүт, 1280 тонна ет, 35 тонна жүн, 0,970 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Жұмыспен қамту мәселесі қашанда күн тәртібінен түскен емес. Округ бойынша 2017 жылы 20 адам тұрақты жұмысқа тұрды. «Жол картасы-2020» бағдарламасының екінші бағыты аясында 4 тұрғын 12 млн. теңгенің тиімді несиесін алып өз кәсіптерін ашты. «Ақ бұлақ» бағдарламасының арқасында Пограничник, Көкөзек ауылдарындағы ауыз су мәселесі толығымен өз шешімін тапса, үстіміздегі жылдың қазан айында Қарауылтөбе тұрғындары осы игілікті көреді деген жоспарымыз бар.

-Ауылдың одан әрі ажарланып, әлеуеті артуында қандай түйткілдер бар деп есептейсіз?

-Әрине, ондай мәселелер бар. Сонау Кеңес кезінен қаңқасы қалған ауылдық округтің орталығы-Пограничниктегі мәдениет үйі күрделі жөндеу көрсе тұрақты мерекелік іс-шаралар өткізіліп, тұрғындардың мәдени демалуына жағдай туар еді. Жаңа мәдениет ошағында түрлі үйірмелер, кітапхана жұмыс жасап қоғамдық өмір қазаны басқаша қайнар еді. Пограничник, Көкөзек ауылдарында бау-бақшалық жерлерді суару ісінде қиыншылықтар бар. Тіршілік нәрін жеткізетін «Мәліш» каналы тазаланса бұл мәселе өз шешімін табарына сенімдіміз. Ауылдық амбулаторияға 2003 жылы берілген жедел жәрдем көлігінің тозығы жетіп, сапалы қызмет көрсетуге қол байлау болып келе жатқаны да жасырын емес.

-Ауылдағы ағайынның әлеуеті тікелей ауылшаруашылығына байланысты екендігі белгілі. Жері болғанмен тиімді игере алмайтын немесе азын-аулақ қараны місе тұтып, өзін жеке шаруа қожалығы санайтындардың ісі өрге баспайтындығын уақыт көрсетті. Бұл бағытта сіздерде нендей шаруа атқарылуда?

-Бастапқыда «ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көргендердің бүгінгі күні заман талабын түсініп іріленіп жатқандығын естіп те, көзіміз көріп те жүр. Сондай істің жарқын мысалына өзіміздің ауылдағы «Көкөзек-Сүт» кооперативін жатқызуға болады. Аталмыш кооператив 31 млн. 900 теңгенің тиімді несиесін иеленіп, оған 146 бас сауын сиырлар алды. 20 жанды тұрақты жұмыспен қамтып отырған бірлестік қазіргі таңда өнімдерін «Сарқан-Сүтке» өткізіп игілігін көруде. Аяққа енді тұрып жатқан кооперативтің жарқын болашаққа негізделген жоспарлары көңілге сенім ұялатады. Сондай-ақ 3 шаруа қожалығының басын біріктірген «Амангелді» кооперативі қант қызылшасын, майлы дақылдарды өсіруге маманданбақшы. Шаруалардың жаңашылдықтан қашпай, берекеге бастайтын құрылымға бірігіп, ауызбірлікте жұмылып жасап жатқан тірліктері қуантады. Іріленгеннің іргесі сөгілмейтінін шаруа қауымы осылай ұғынып келеді. Округтегі «Азия Голд» ЖШС-гі қолға алып жатқан  іргелі істер де өркениеттің бізге жат емес екендігін көрсетті. Серіктестік 150 га жерге егілген дәрілік шөптерін израилдік технология негізіндегі тамшылатып суару тәсілімен өсірмекші. Ал «Март Агро»  ЖШС-гі жер-ананың игілігін 4 мың га аумаққа орнатылған жаңбырлатып суару қондырғыларымен көрмекші. Тың технология толағай табысқа жол ашатыны сөзсіз. Әлемде өзінің лайықты бағасын алып үлгерген осынау әдістер аз аумақтан мол өнім алуға негізделген. Нарықтың беталысын аңдаған ауылдықтар мал бордақылауды бүгінгі күні кіріс көзіне айналдырып үлгерді. Осы тұста Елбасының «Мемлекет халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыру үшін қаншалықты күш-жігер жұмсаса да, егер әрбір қазақстандық өз тағдырының еңбексүйгіш қожайынына айналмаса, елдегі бар жақсылардың бәрін қадірлеп, оларды одан әрі еселемесе, ол артпайды» дегені ойға оралады. Расында да  еңбек еткеннің ерні қимылдайтынын уақыт көрсеткен жоқ па?! Төгілген маңдай тер қашанда өз жемісін береді. Жоғарыда аталған шаруашылықтар тұрғындарды жұмыспен қамтып тұрақты табысты қамтамасыз етуде. Бұдан біраз бұрын адамдар бір күндігін ойласа түзелген тұрмыс таяу болашаққа жоспар жасауға мол мүмкіндік берді.

-Елбасының биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқалаған міндеттер ауқымды. Тұрмыс билеген сананы рухани жаңғырту, рухани байлықты материалдық дүниеден жоғары қоюдың артықшылығын айтып жатудың өзі артық сияқты. Мақаланың өзге Жолдаудан өзектілігі, өзгешелігі осында жатса керек.  Осынау айтылғандар бойынша сіздерде нендей жұмыстар атқарылуда?

-Рухани жаңғыру ісінде тыныштық кезеңіне жол бермеу өте маңызды. Өйткені кез келген істің нәтижелі болмағы санадағы салмаққа байланысты. Яғни Елбасы атап өткендей рухани жаңғыру мәселесі бәрінен бұрын жүруі тиіс. Ал рухани жаңғырудың табысты жүзеге асуы мына бәрімізге тікелей байланысты. Негізінен ұлттық құндылықтарды ұлықтап сол негізде тірлік кешіп жатқан ауылдар болғандықтан округімізде салт-дәстүрге, ұлттық болмыс-бітімге байланысты шаралар жиі өтеді. Мысалы жыл сайын көкөзектік мектеп түлектері ауыл, ауданаралық жас палуандар белдесуін, ат жарысын, аяқдоп бәсекесін тұрақты түрде ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырды. Округтің бас имамы Мәжит Ахмадиев өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын азамат. Имамның Мәуліт мерекесін, ұлық мейрам-Құрбан айта түрлі шараларды ұйымдастыратындығын ауылдағы ағайын жақсы біледі. Осынау кезде тұрғындар бір сәт болсын күнделікті күйбең тірлікті ұмытып, рухани жағынан байып қалатындығы бар. Аталмыш шаралар ағайынның ауызбіршілігін арттырып,  ырысымызды еселейтіндігі дау тудырмайды. Мұның барлығы сана сілкінуі, рух жаңғыруы емес пе?! Жарияламай жақсылық жасап жүрген жандар қаншама. Әр қиырда еңбек етіп жүрсе де жыл сайын туған өңірге бір рет ат ізін салып өзінің жүрек жылуымен бөлісіп жүрген осындай азаматтарымыз аман болсын.

Осы тұста Елбасымыздың мына бір тағылымды тәмсілі тілге оралады. «Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отанымыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол». Менің бұған қосарым жоқ.

-Әңгімеңізге рахмет.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: