Ел шетінде ерлер жүр

Топжарған сарбаз

Шекарашы атану – әркімге бұйыра бермейтін бақ. Өйткені, туған еліміздің қасиетті шекарасын күзету – жас азаматтан патриоттық рухты, жоғары жауапкершілік пен асқан қырағылықты талап етеді.

Көктем айында шекарашылар сапын толықтырып, жас жауынгерлер курсынан өткен жас сарбаздарға ел шебіне аттанып, Отанына берген антына сай, шекараны қорғайтын маңызды сәт те туды. Осынау жас патриоттардың қатарында бойына өнер қонған сарбаздар ғана емес сонымен қатар жоғары білімділер де көптеп кездеседі. Солардың бірі қатардағы жауынгер Арон Смағұл.

Біз Аронмен алғаш рет ҰҚК Шекара қызметінің 30 жылдығына орай, Алматы облысы бойынша департаментінің аясында ұйымдастырылған «Қасиетті шекара күзетінде» атты жауынгерлер әні фестивалінде кездескен болатынбыз. Таланттардың басын қосқан сайысқа Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының атынан қатысқан сарбаз әскер қатарына өзі сұраныпты.

— Менің алға қойған мақсаттарым көп. Азаматтық өмірден алған жоғары біліміме сай, жұмыс істесем деймін. Дегенмен мұны болашақтың еншісіне қалдырып, өзімді Отанын көзінің қарашығындай күзететін жас оғландардың қатарынан көргім келді. Сөйтіп, ата-анаммен ақылдаса келе, әскерге өзім сұрандым, – деген болатын сайыста жеңіске жетіп, департамент басшысының марапатын иеленген сарбаз бізге берген сұхбатында. Себебі, әрбір азаматтың борышы – Отан қорғау! Біз болмасақ, кім туған еліміздің тыныштығын қорғайды?..

…Осылай деп, бізбен өзінің жүрекжарды сырымен бөліскен Аронға енді міне жас жауынгерлер курсын үздікке бітіріп, ел шебіне аттанатын сәт те туды. Аз уақыттың ішінде өзін оң қырынан танытып үлгерген тіпті Шекара қызметінің халық алдындағы оң бедел қалыптастыратын патриоттық әндер сайысына қатысып, бойындағы талантының арқасында бірінші орынды жеңіп алған Аронның қайда қызмет атқаратыны маңызды емес. Ең бастысы, ол – еліміздің тыныштығын көзінің қарашығындай қорғайтын шекарашылардың біріне айналды. Ал туған жердің соңғы шаршысында жүру – әркімге бұйыра бермейтін бақ екенін ескерсек, қатардағы жауынгер А.Смағұл Отан оғландарының қатарынан көрінуге әбден лайықты. Ендеше, осындай тамаша ұлды тәрбиелеп өсірген ата-ана, ұстаздарына айтар алғысымыз шексіз!

Т.ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі.

Мәліметпен бөлісу: