Елдің тыныштығы мен егемендікті сақтаудың, аумақтық тұтастықты және шекараның мызғымастығын, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен саяси міндет. Осы міндетті басшылыққа ала отырып, еліміздегі шекарашылар мемлекетіміздің тыныштығы мен тұтастығының жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Жуырда еліміздің іргесін қатаң бақылауда ұстап отырған маңызды қызмет иелерімен БАҚ өкілдері ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облысы бойынша департаменті Алакөл ауданы бойынша шекара басқармасы «Сарқан» шекара бөліміне қарасты «Басқан» шекара бөлімшесіне барып, шекарашылардың бір күндік тыныс-тіршілігімен танысқан еді.
Аталған бөлімше сонау кеңестік кезеңде 1967 жылы құрылып, тарихы тереңге тартқан құрылымның бірі болып табылады. Мұнда офицерлер, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкерлермен қатар, мерзімдік қызмет етуге келген жас жауынгерлер шекара учаскесінің тыныштығын күн демей, түн демей күзетуде. Ежелден іргелес қонған Қытай халық республикасымен арадағы шекараның күзетінде тұрған бөлімшені аға лейтенант Әбдіхан Файзуллаұлы басқарады.
– Бөлімшенің негізгі қызметі – Қазақстан Республикасы шекарасының бұзылуын болдырмау және контрабандалық тауарлардың жолын кесу. Еліміздің бейбіт өмірін күзету барлығымызға ортақ міндет болғандықтан, біз өзіміздің міндеттерімізді жоғары деңгейде атқаруға барымызды саламыз, – дейді бөлімше бастығы Әбдіхан Серікбай.
Аталған бөлімшенің тыныс-тіршілігін әрі қарай «Сарқан» шекара бөлімінің басшысы, майор Бекзат Кеуенов өзі таныстырды.
– Жалпы қазіргі таңда әскерде қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Мұнда жайлы казармалар, асхана секілді барлық қажетті дүниелер де қарастырылған. Сондай-ақ бөлімшеде әскерилермен қатар, қызметтік иттер мен жылқылар қызмет етеді. Олар заң бұзушыларды тез арада анықтап, қолға түсіруге көп көмегін тигізіп келеді,– дейді бөлім басшысы.
Бекзат Тұрсынбекұлы шекарада қызмет ету оңай еместігін айтады. Күн мен түнге, ауа райының қолайсыздығына қарамай ел қорғанында тұратын азаматтар қашанда құрметке лайық екені рас.
–Шекараны күзетіп, қауіпсіздікті қатамамасыз етуде біздің қызметтік жылқылар мен иттердің де тигізіп отырған септігі мол. Оларға арналып арнайы қоражайлар тұрғызылған. Жануарлардың күтімімен осындағы сарбаздардың өзі айналысады. Қазір мұнда иттер сарбаздармен қатар қызмет етуде. Мұнда төрт аяқты шекарашылардың қызметі де бағаланады. Ол иттің қабілетіне байланысты болады. Мәселен, жақсы үйретілген жануар кемінде 2 сағаттық ізді алып, бірнеше шақырым сол ізді жоғалтпауы керек. Міне, осы секілді талаптарға байланысты қызметтік иттердің жұмысына баға беріледі. Алматы облысы Қараой ауылында орналасқан Шекара қызметінің кинология орталығында өсірілетін иттерге қойылатын талап жоғары. Осындай ауыр қызметті мүлтіксіз атқарып жүрген иттер мен кинолог мамандардың жұмысы ауыр, – дейді бөлім басшысы Бекзат Кеуенов.
Іс-шара аясында Екіаша ауылының әкімі Дәулет Дүйсембеков пен Теректі орта мектебінің директоры Майра Қалдыбаева шекарашылармен ынтымақтаса қызмет атқаратындықтарын айтса, бөлімшеде қолданылатын қару-жарақ, техникалардан көрме ұйымдастырылып, сарбаздар әрбіріне жеке-жеке тоқталды. Сонымен қатар кинологтардың қызметтік иттерімен мемлекеттік шекараны бұзушыны қолға түсіру барысы жаттығу арқылы да көрсетілді.
Жалпы «Басқан» бөлімшесінде өткізген бір күн ішінде шекара шебінде жүрген азаматтардың қызметі қаншалықты жауапты болса, соншалықты ауыр екеніне көз жеткіздік.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ.