Еларалық тұлғаға ескерткіш орнатылды

Өз заманында ел іргесін нығайтып, бірлігін сақтап, уақыт сынына төтеп беріп, тарих сахнасынан өзінің орнын ойып тұрып алған найман Алдияр батыр Тәуке ханның тұсында қазақ жерінің бір сүйемін де жау табанына бастырмаймын, қалмақтың адымын аштырмаймын деп атқа қоныпты. Бұған дейін қырғыз елінде батырлығымен аймағына танылған ер Алдиярды Тәуке хан беделді елшілер жіберіп шақырып алып, оң жағынан орын беріп, қасарысқан дұшпанды қазақ жеріне қадам бастырмаған өр тұлғаның өжеттігін, мінезінің кесектігін қадір тұтқан көрінеді. Алты Алаштың ардағы, тарихшы ғалым Мұхаметжан Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы» еңбегінен батыр бабамыз туралы жазба деректерге қанығып өскен кейінгі буын еларалық, жалпыұлттық тұлғаға ескерткіш орнатуды мақсат тұтқаны анық.

Қарашаның 6-сында Сарқан ауданына кіреберісте биік тұғырдағы Алдияр батыр ескерткіші салтанатты түрде ашылды.  Ақ түсті матамен көмкерілген ескерткіштің екі жағында батырдың киімін киген 2 ер азамат құрмет қарауылында тұрды. Сағат 11-де аудандық мәдениет үйінің қызметкері Марат Алтынбековтың орындауында арнау-толғау шырқау шыңына шығып, сән-салтанаты келіскен ақ жаулықты әжелеріміз шашу шашып, ибалы да инабатты қыздарымыз жеті шелпек таратты.

-Тәуелсіздік алғанымыздан бері, өткеніміз бен бүгініміз сараланып, болашаққа жол ашылып, ұлы тұлғаларымыздың ұлағатты ерлікке толы істері кеңінен ұлықталып келеді,-деді ескерткіштің салтанатты ашылу тізгінін қолына алған Қазақстанның өнер қайраткері, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актері Саят Мерекеұлы. — Елімізде  қазақтың бостандығы мен азаттығы жолында азап шеккен тұлғаларға, қазақ елінің бірлігі мен жерінің тұтастығы үшін жанын қиған батыр бабаларымызға ескерт-кіштер қойылып, олардың есімдері жас ұрпаққа жете танылуда. Осындай игі істер өз жалғасын тауып, бүгінгі күні Сарқан ауданында Алдияр батырдың еңселі ескерткіші бой көтеріп отыр.

Батыр бабамыз ескерткішінің ашылу салтанатында Сарқан ауданының Құрметті азаматы, абыз ақсақал Болат Рахметқалиев бата беріп, Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков кіріспе сөзінде жұртшылыққа қиын-қыстау кезеңде қалың еліне көшбасшы болған батырдың ерлік жолы жөнінде қысқаша айтып өтті. 

Алдияр Елкеұлы шамамен 1641-1712 жылдары ғұмыр кешіп, қазақ-қалмақ соғыстарында есімі аңызға айналған хас батыр. Есімі Садыр руының ұранына айналған. Шыршық өзені жағасында жоңғармен соғыста қаза тауып, Жаңақорғандағы қасиетті Төлегетай, Қылышты ата қорымына жерленген.

«Өсетін ел тарихын таспен жазады, өшетін ел тарихын жаспен жазады», — деп дана халқымыз айтпақшы, ескерткіш бір мезеттік дүние емес, ұрпақтарға қалатын тарихи мұра. Осы мәңгілік мұра аудан тұрғындарының, еліміздің түпкір-түпкірінде тұратын баба ұрпақтарының, жерлестеріміздің демеушілік көмегімен орна-тылған. Аудан әкімі Талғат Қанатұлы, ұйымдастыру коми-тетінің төрағасы Қадыр Абдрахманов, «Бабалар рухы» қоғамдық қорының төрағасы Жанат Мұқашев Алдияр батыр ескерткішін салтанатты түрде ашып, ескерткішті сомдаған Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, еліміздегі көптеген мүсіндердің авторы Еркін Ахметоллаұлы Мақұлбаевтың иығына  ұйымдастыру комитеті атынан шапан жабылып, құрмет көрсетілді.

Салтанатты жиында Нұр-Сұлтан қаласынан келген генерал-майор Сағатбек Төлеубайұлы Нұрахметов, ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, баба ескерткішінің орнатылуына ұйтқы болған алматылық Жанат Тойшыбеков, Қызылордадан келген бабамыздың ұрпағы Орынбай Ахметов, Талдықорған қаласынан келген қадірлі қонағымыз Болат Молдабеков сөз алып, табанымен шоқ басқан батыр бабамыз жайында тебіреністі лебіздерін ортаға салды.

Жиын қорытындысында ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қадыр Абдрахманов ауқымды жұмысты бір атаның баласындай атқарған барша қауымға алғысын айтып, ақ тілегін ақтарды.

Сол күні түсте алыс-жақыннан келген ағайындар баба рухына арналған асқа қатысып, танымал қоғамтанушы ғалымдардың, тарихшылардың, жазушылардың ғылыми материалдары мен мақалалары, арнаулар, күйлер, дастандар, өлеңдер мен әндер жинақталған, тарихи тұлғаның, ұлы қазақ қолбасшысының бітім-болмысы сомдалған «Алдияр батыр» кітабының тұсауын кесті.

Сол күнгі кеште батыр баба рухын аспандатқан Рамазан Стамғазиев, Серікбол Сайлаубек және «Ағайындылар» тобы сияқты Қазақстан өнер жұлдыздарының концертінен кейін отшашу шашылып, көңіл аспанымыз ашылды.

Жомарт ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: