Еларалық тұлғаның ескерілгені орынды

Ұлт тарихы тек қана саяси әлеуметтік, қоғамдық оқиғалардан ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар жалғастығынан, өміршең дәстүрлерден құралады. Сол игі дәстүрлерден тағылым ала отырып, мемлекет, әлеумет, жеке адам көшін түзейді. Бағытын айқындайды. Халқымыз жүріп өткен ұзақ жолдың шежірелі күндеріне көз салсақ, тарих аты жадына тоқыған талай тағылымды істерді көреміз. Қазақ тарихының осындай белесті асуларының бірі – қазақ жерінің тұтамдай бөлігін де жаупиғылдыларға таптатпаған қазақ батырлары. Осы батырлардың алғы сапында біздің бабамыз Алдияр батырдың тұрғаны анық.

Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік жайлы өткенге көз жүгіртіп, ой қозғағанда ең алдымен мемлекеттің тірегі – қазақ халқының мұрасы қазақтың атамекенін, кең байтақ жерін қасық қаны қалғанша қорғаған батырларымыз еске түседі. Сондықтан да Алдияр батырды ұлықтау жөніндегі ұсынысты естігенде қолдауды, жүзеге асыруды басты парызым деп білдім. Қоғамдық қорға көпшіліктің ынта білдіруіне өзім де үлес қоса отырып, ұйытқы болдым.

Алдияр батыр Тәуке ханның оң жағындағы тұлғалардың сапында туған жердің азаттығы, тәуелсіздігі жолында жан аямай күрескен қаһарман. Біз батырымызды ұлықтау арқылы елдің рухын көтереміз, келешек күндердің іргетасын қалаймыз.

Жаңадан тәуелсіздік алған мемлекет өзінің саяси бағытын, экономикалық-әлеуметтік жүйесін қалыптастырумен бірге мемлекеттілігін сақтау әрі жетілдіру үшін, мемлекеттің ішкі рухани ахуалын дұрыстау үшін кешегі отаршылдықтың зардаптарынан арылу қажет. Мұны отарсыздану саясаты дейді. Бұл жөнінде белгілі саясаттанушылардың бірі Э.Томсон «Отаршылдыққа түскен ел отарлық қамыттан құтылғаннан кейін міндетті түрде отарсыздануы керек. Отаршылдардың өздері елден кетсе де, олардың көлеңкесі қалады. Отаршылдық – азаттық алған елдің барлық саласында төбе көрсетіп отырады. Саяси жүйе өзгерсе де отаршылдардың ойран салуынан әбден зардап шеккен ұлттық сана көп уақытқа дейін ойрандалған қалпында қалады» депті. Бұл терең пікір бүгінгі қазақ ұлтының басындағы хәлді айнытпай дәл танытады. Біз батырларымыз арқылы рухымызды көтерсек қана отарлық санадан арыламыз.

Қазақ халқы өзінің ғасырлар бойғы тарихында көптеген қиындықтарды басынан кешіргені баршаға аян. Дегенмен Алдияр батыр сынды ел қорғандарының арқасында сол қиындықтарға төтеп беріп, абыроймен жеңіп шықтық. Ендеше батыр тұлғасының туған жерімізде бой көтеруі келешегімізге қаланатын берік негіз деуімізге болады. Көптің қолдауымен жүзеге асатын абыройлы іс ертеңіміз үшін мызғымайтын іргетас болатындығы анық.

Талғат ҚАЙНАРБЕКОВ,

Сарқан ауданының әкімі.

Мәліметпен бөлісу: