Елбасы күні — елдікке құрмет

Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар беруде Тұңғыш Президенттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз.

Сәл тарихқа шегініс жасар болсақ, 1991  жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық  сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы — Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Бұл жаңа мемлекет  қалыптасуының  өтпелі кезеңінде  сенімді  басшыға  өз тағдырын  тапсырған  Қазақстан халқының  жауапты  таңдауы еді. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  салиқалы саясатының арқасында  тәуелсіз Қазақ елі  қалыптасып, тарихымыз  түгенделіп,  тіліміз, дініміз  және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің  ұлттық рәміздері  қабылданды.  «Қазақстан Республикасының мемлекеттік  тәуелсіздігі туралы» Қазақстан  Республикасының  заңы 1991 жылғы 16 желтоқсанда  қабылданды.

Аталмыш заңның бірінші тарауында: «Қазақстан Республикасы — тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол барлық  мемлекеттермен өзара қатынасын  халықаралық  құқық принциптері  бойынша құрады. Өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін басқа  мемлекеттердің  тануы үшін  Қазақстан Республикасы ашық»,- делінген. Рас, содан бергі  24 жылда елдің іргесі   сөгілген жоқ. Ұлтаралық  татулыққа  селкеу  түспеді. Яғни, Конституциялық  заңның  дер кезінде  қабылдануы Қытай, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен шекараны реттеуге ықпал етеді. 

Қазақстан тәуелсіздігін алған сәтте алғаш болып Түркия елі тәуелсіз ел ретінде мойындаған болатын. Бұл туралы Түркияның экс-мәдениет министрі, саясаткер Намық Кемел: «Қазақстан ең алғаш тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет болады дедік, ал 24 жыл өткен соң біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз»,- дейді.

Расында да Қазақстанды қазірде әлем мойындайды. Найзаның ұшы, білектің күшімен ата-бабадан қалған елімізді басқарған Елбасы Қазақ елінің туын көкке көтеріп, әлем танымастай етіп өзгертті. Сондықтан Елімізде тойланып отырған бұл мерекенің тарихи маңызы орасан зор.

М. Елеусизов,

 Сарқан ауданының тарихи музейінің аға ғылыми қызметкері.

Мәліметпен бөлісу: