Референдумды қолдау жөніндегі аудандық штаб өкілдері АЭС салудың өзектілігін және де бұл мәселеде әрбір азаматтың пікірін білу мақсатында Тополевка ауылына барып, сондағы жұртшылықпен дидарласты.
Басқосуда штаб мүшелері 2 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіріп, АЭС салудағы ең маңызды мәселе еліміздің энергетикалық әлеуетін қамтамасыз ету екенін жеткізді.
Сондықтан Мемлекет басшысы осы мәселеде халықтың таңдауы мен көзқарасын білу үшін нақты қадамға барып отырғаны да айтылды. Кездесуге қатысушылар ойын ортаға салып, АЭС құрылысының қауіпсіздігі мен тиімділігі төңірегіндегі қауіп-қатерді де алға тартты. Штаб мүшелері барлық сұраққа өз деңгейінде жауап беріп, АЭС салу мәселесінде әрбір азамат өз пікірінше таңдау жасауға құқылы екенін жеткізді.
Аудандық халықтық штаб мүшесі Гүлшарбан Қалиеваның айтуынша, АЭС елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
- АЭС елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір еліміздегі электр энергиясының тапшылығына байланысты біз оны басқа елдерден сатып аламыз. Ол үшін еліміздің бюджетінен жыл сайын 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаржыны даму мен әлеуметтік қажеттіліктерге бағыттауға болар еді. Біздің мақсатымыз – АЭС арқылы энергетикалық тәуелсіздікке, таза экологияға, табысты экономикаға қол жеткізу, – деді Гүлшарбан Мырзабайқызы.