Өткен жұмада Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков жұмыс сапарымен Қарашыған, Лепсі, Көктерек ауылдық округтерінде болды.
Елдің жағдайын жақсартамын, аудандағы сан саланың өрлеуіне өз қолтаңбамды қалдырамын деп жауапкершілігі мол қызметке келген Марат Мелісұлымен бірге аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадыр Абдрахманов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков, құқық қорғау және бөлім-мекеме басшылары Қарашыған, Көкжиде, Лепсі, Көктерек ауылдары тұрғындарының тұрмыс-тіршілігіне қанығып, мекемелер мен жеке меншік нысандарының жұмысымен таныса келе, көпшіліктің көкейінде жүрген бірқатар мәселелердің шешімін іздестірді.
Ауылдық округтің ақсақалдары, зейнеткер ұстаздар тарапынан медициналық көмекті жетілдіру, балық шаруашылығын дамыту, осы саланы дұрыс жолға қою, ғаламтор жиілігін күшейту, сонымен қатар әлеуметтік мәселелер қозғалды. Жиынға қатысқан елді мекендердің тұрғындары жаңадан тағайындалған аудан әкімінің жұмысына сәттілік тіледі.
Өз тілшіміз.