Елдің жүгін арқалағандар

Қаңтардың 14-інен бастап Сарқан қаласы және ауылдық округтердің  әкімдері жұртшылық алдында өткен жылды қорытындылап, жаңа жылда елді мекендерді одан әрі дамытудың міндеттері мен негізгі бағыттары туралы  есеп берді.

Қала және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық дамуының  кешенді бағдарламасынан туындайтын міндеттерді негізге алып, тұрғындарды әлеуметтік – экономикалық кешенді бағдарламаға сәйкес іс-шараларды орындауға жұмылдыруда. Бағдарламаны іске асыру мақсатында халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар кеңінен қамтылып,   білім беру сапасын арттыруға,  сапалы медициналық қызмет көрсетуге, рухани қажеттіліктерді өтеуге бағытталған жағдайлар жасалуда.

Біз Алмалы ауылдық округіне қарасты Абай елді мекенінде өткен есепті жиынға қатысып, ауылдық округ әкімі Асқар Тұрғамбековтың елде жүргізіліп жатқан реформалардың іске асырылу барысы туралы баяндамасымен таныстық. Тасарық орта мектебінің жиынжайында өткен есепті жиналысқа келген ауыл тұрғындарының өкілдері баяндамада атап көрсетілген нақты жұмыстарды қанағаттанарлық деп бағалады. 

Алмалы ауылдық округінде мемлекеттік қызметте 4 бас маман, 3 жетекші маман және 1 спорт әдіскері мен 1 жастар ісі жөніндегі әдіскер қызмет етеді.    Округте екі орта мектеп, 1 балабақша, 1 өнер мектебі, 1 ауылдық  дәрігерлік амбулатория, Абай ауылында 1 фельдшерлік пункт, 2 байланыс бөлімшесі,  1-техника жөндеу орны,    13  дүкен, 1 наубайхана, 2 кафе, 1 шаштараз, 1 жылыжай бар.  Халық саны 4552 адам, оның ішінде  Алмалы ауылында    3851 адам, Абай ауылында   701 адам тұрады. Округ бойынша барлық оқушы саны  778,  оның ішінде  Алмалы орта мектебінде   669  оқушы, Тасарық орта мектебінде   109   оқушы білім алуда. Округтегі  жұмыс жасындағы халық саны 2649 адамды құрайды, оның ішінде 1408 адам өзін-өзі қамтамасыз етсе,  10 адам  жұмыссыздар   сапында.

Ауылдық округ әкімі есепті баяндамасында бюджет қаржысының жұмсалуы, көшелерді жарықтандыру және жөндеу жұмыстарына, қыс мезгілінде жолдарды тазалауға бөлінген қаражаттың игерілуі туралы атап көрсетті. Сонымен қатар  егін шаруашылығы саласынан түсетін түсім сараланды,  мал шаруашылығы бойынша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жұртшылық назарына ұсынылды.  Инвестиция тарту, оны дамыту,  ветеринария саласы, салық тапсырмасының орындалуы,  кәсіпкерлік саласы, медицина, әлеуметтік сала, атаулы әлеуметтік көмек баяндаманың негізгі арқауына айналды.

Тұрғындардан түскен сауал-дардың арасындағы интернет желісінің баяулығы, көшелерді жарықтандыру мәселелері, пошта қызметіндегі оралымсыздықтар ауылдық округ әкімінің тұрақты назарындағы жүзеге асырылатын міндет болып табылады.  Есепті баяндамада жаңа жылда  инвестиция көлемін жоспарланған деңгейге жеткізу,  қант қызылшасы жоспарын 100 пайызға орындау, минералды тыңайтқышты пайдалану көлемін арттыра отырып, суармалы жердің өнімділігін арттыру, жоғары сапалы тұқым себу, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бруцеллезбен ауырған мал санын азайту, санитарлық тазарту, көгалдандыру, көркейту жұмыстарына, ауыл көшелеріне тас төгіп түзету және түнгі жарық шамдармен қамтамасыз ету міндеттелді.

Жомарт ИГІМАН,

аудандық мәслихаттың

депутаты.

Мәліметпен бөлісу: