Қазіргі таңда халық арасында елімізде атом электр станциясын салу мәселесі көп талқыланып жатыр. Қайбір жиындарға бара қалсаңыз да көпшілік осы мәселеге бей-жай қарамай, талқыға салып, оның тиімді, тиімсіз тұстарын саралауды жөн көреді. Дегенмен бұл мәселе туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «нүкте» қоятын күннің алыс емесін айтты. Яғни, атом электр станциясын салу – алдағы уақытта түбегейлі шешімін табады. Осы уақытқа дейін талқылаудан өткен мәселеге халықтық референдум арқылы шешім шығарылады.
Ең бірінші елімізде атом электр станциясын салу туралы Президент 2021 жылы мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы мамандарға қауіпсіз атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін барынша зерттеуді тапсырды. Арада 3 жыл өткен соң мемлекет басшысы халыққа арнаған өз Жолдауында АЭС салуды өте маңызды мәселе деп атады. Үкімет қабылдаған қаулы негізінде республикалық референдум өтетін күнді белгіледі. Яғни биылғы жылдың 6 қазанында ел-жұрт болып дауыс беру арқылы шешім қабылданады.
Жалпы АЭС адамзат баласына не үшін қажет деген сауал төңірегінде белгілі ғалымдардың пікіріне сүйенсек, АЭС салу қазақстандықтарға қажет екеніне сенімді. Ғалымдар қазақстандықтар электр қуатын осы күнге дейін көмір мен газдан алып келсе, оның да заманы өтеді дейді. Сондықтан электр қуатын алу үшін атом энергетикасы тиімді болады. АЭС-тің қауіпсіздігіне күмән келтіретіндер ел аумағына неліктен атом энергетикасы салынуы тиіс, неліктен жел, күн энергиясын таңдамаймыз дейді. Желдің қуаты елімізді тұтас 100 пайыз қамтамасыз ете алмайды. Күн энергиясын Қазақстанның кейбір аймақтары ғана пайдалана алады. Сондықтан атом энергиясы бүкіл елге жететіндіктен, оның жұмысына ешқандай табиғи жағдай, ауа райы әсер етпейді. Бір сөзбен айтқанда, атом электр энергиясына балама жоқ дейді көпті көрген ғалымдар. Ал атом энергиясының өндірісіне ең қажетті уран, бұл отын түріне Қазақстанда тапшылық жоқ. Мемлекетіміз уран өндірісінен әлемде алдыңғы қатарда тұр. Яғни сырттан уранды сатып алудың қажеті жоқ.
АЭС-ті ел болашағына қажет деп айтудың да негізі бар. Өйткені жыл санап елде электр қуатына тапшылық сезіліп келе жатыр. Нақты айтқанда, 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы болады деген болжам бар. Еліміздің басым аймағында көмірмен жұмыс істейтін жылу беру станцияларының тозығы жеткендіктен олар істен шығып жатқаны да белгілі. Ал АЭС салу сол кемшіліктерді қалпына келтіретін бірден бір жоба болады.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.