Еліміздің ең мәртебелі мерекесі

Тәуелсіздік мерекесі есігімізді қақты. Дербестік алған 30 жылға жуық уақыт аралығында Қазақ елі жаңару жолына түсті. Ұлттық мүдделерімізді көтеріп, оның шешімін тапқанын сезініп те, көріп те жүрміз. Еліміздің ең қастерлі мемлекеттік рәміздері төрімізде, санамызда, жүрегімізде. Тәуелсіздіктің ақиқат айқындамасы болып табылатын мемлекеттік тілімізді қолдану мен пайдалану аясының жылдан-жылға қанатын жайып келе жатқаны да шындық.

Солай десек те еліміздің ең мәртебелі мерекесі өз мәнінде тойланып жүр ме? Мерекенің қарсаңында жер-жерлерде дайындық жұмыстары қолға алына ма? Әлде Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында тасаланып қала бере ме?

Бұл сауалдарға көпшілік оңды жауап таба алмайды. Дерт құрсауламаған емен-жарқын жылдарымызда  да тәуелсіздік күнінен бір-ер күн бұрын ғана қозғалатынбыз. Тіпті мерекеден бір-ер күн бұрын жаңажылдық шырша осы жердің қожасындай орталық алаңға келіп орнығып алатын. Осы оспадарсыздықты кейінгі жылдары билік тыйды. Орынды қадамға ел-жұрт риза.

Мемлекеттік мереке, ұлттық мереке өзге емес өзімізге керек. Тәуелсіздік күнін Ұлыстың ең ұлы мерекесі ретінде тойлау үшін санамызға сілкініс қажет. Туған топырақтың, тұтас Тұранның, байтақ отанның, тәуелсіздіктің қадірін білдік пе? Туған жерің, өз отаның, тәуелсіз елің болмаса жарқырап шыққан күн де, жайқалып өскен гүл де жаныңды жадырата алмасы хақ. Тәуелсіздік тұғырының іргетасын нығайтқан ел ғана рухани өрлеу биігіне қол соза алады. Ендеше бұл мерекенің ұлықтығын бесіктегі баладан бастап құлағына құйып, санасына сіңіруге тиістіміз. Ол үшін тәуелсіздігіміздің сақталып қалуына басты негіз болатын ұлттық руханияттың мәдени акцентіне басты назар аударғанымыз жөн. Алдымен тіліміздің мемлекеттік деңгейде жалпыға бірдей міндеттелуіне қол жеткізсек рухымыз асқақтайтынын бір сәт те естен шығармауымыз абзал. Басқа тілде көстеңдеу өзімізді қорлау екенін сезіне білгенде тәуелсіздігімізді нығайтуға батыл қадам жасаймыз.

Өкінішке орай, Желтоқсан құрбандарын еске алатын тарихи күнмен орайласқан Тәуелсіздік мерекесінің шынайы болмысына сәйкес аталып өтпейтіні ақиқат. Керісінше дәстүрлі Жаңа жылдың отшашулары әлі күнге дейін ұмытылмай келеді. Сый-сияпат та, дастархан мәзірі де осы мерекеде еселене түседі. Биылғы пандемия шектеулері думанды басқосуларды болдырмас, дегенмен кеңестік кезеңнен қалған христиандық наным-сенімнен арыла алмай келе жатқанымыз жанымызды мазалайды.

Біз бастауын бағзыдан алатын көне халықпыз. Мемлекеттіліктің талай үлгісін көрген ұлы халықпыз. Тәуелсіздік жолында жан аямай күрескен жанкешті халықпыз. Осындай байтақ тарихы, бай мәдениеті бар, әлемдік өркениеттің үздік нұсқасын жасаған халқымыздың қастерлі мерекесінің жүйелі де сабақтас мақсат-мұраты айқындалса, жүрегімізде жатталатын, санамызда қатталатын тағылымдары ұрпақтан-ұрпаққа жалғасса деген арман-аңсарымыз бар.

Ж. ИГІМАН.

Мәліметпен бөлісу: