Қазақ халқының тарихында ел тағдырын шешетін маңызды мәселелер ешқашан жеке адамның ғана шешімімен қабылданбаған. Халықтың игі жақсылары, билері, батырлары мен ақсақалдары бас қосып, ақылдасып, ортақ мәмілеге келген. Осындай кеңес құрып, елдің келешегін айқындайтын басқосу «құрылтай» деп аталды. Құрылтай – тек жиын ғана емес, ол халқымыздың демократиялық ойлау мәдениетін, бірлікке ұмтылысын және елдік мүддені бәрінен жоғары қоятын дәстүрін көрсететін ерекше институт.
Қазіргі таңда да құрылтай ұғымы өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, қоғамның түрлі саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, халық пен билік арасындағы байланысты нығайтуға қызмет ететін маңызды алаңға айналып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанда құрылтай дәстүрі жаңа мазмұнға ие болды. Қазіргі Ұлттық құрылтай – қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын, түрлі сала өкілдерінің пікірін біріктіретін консультативтік алаң. Онда білім беру, мәдениет, экономика, әлеуметтік саясат, жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар және қоғамдық келісім мәселелері қарастырылады.
Құрылтайдың басты мақсаты – халықтың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдап, оларды мемлекеттік саясатты жетілдіруде ескеру. Бұл өз кезегінде азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Құрылтай – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан кеңесу мәдениетінің жалғасы. Ол өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани көпір іспетті. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер бірлік пен келісім арқылы қабылданғанда ғана нәтижелі болады. Сондықтан құрылтай дәстүрін дамыту, оның жұмысын тиімді ұйымдастыру және қабылданған ұсыныстарды нақты жүзеге асыру – еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының маңызды кепілі.
А. СЕЙПОЛДИНА,
аудандық кітапхананың әдіскері.
