1928 жылы ҚазССР Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің шешімімен Сарқан ауданы құрылған болатын. Ал 1968 жылғы 31 қазанда ҚазССР Жоғарғы Кеңесі төрағасының жарлығымен аудан орталығы қала мәртебесін алған еді. Яғни биыл шырайлы шаһарымыздың 50 жылдығы.
Өткен жұмада осынау айтулы мереке «Сарқаным сарқылмас бұлағым» атты мерекелік шара аясында кең көлемде тойланды. Осынау күні орталық М.Тынышбаев атындағы алаңға жиналған жұртшылықтың қарасы мол болды. Аудан басшылары алдымен тақырып аясындағы ауқымды дастархандар көрмесін тамашалады. Сән мен мән жарыстырған дастархан ұлтымыздың кең пейілін, қонақжай қасиетін, ұлтаралық татулықты, достықты дәріптеп, келушілеріне дәмнен ұсынды.
-Сенде, тас та қастерлі, аспан да алау,
Сенде жанды тербетер дастан бар-ау.
Менің мынау өмірге құштарлығым,
Сені жақсы көруден басталған-ау-деп, өлеңмен шымылдығын түрген салтанат жүргізушілердің жігерлі сөздері алаң аясын жаңғыртып, айналасына мерекелік шуағын шашқандай болды. Қалалықтар қуанышын алдымен аудан әкімі Марат Разбеков бөлісті. Жұртшылық алдында ыстық лебізін ақтарған Марат Мелісұлы ортақ іс-аудан орталығының одан әрі өркендей беруіне барша тұрғындарды белсене атсалысуға үндеп, «Үлгілі аула» тұрғындары мен айтулы күні дүние есігін ашқан сәбиге сый-сияпат көрсетті. Оқырман есіне қаланың 50 жылдығына орай түрлі байқаулар ұйымдастырылғандығын саламыз.
Баскетбол, волейбол, шағын футбол, еркін күрес, гір тасын көтеру, «Жайдармен» әзіл кеші, «Ең үздік сурет және шығарма» сынды сайыстар өз кезегінде тартысты өтіп, қатысушыларына тамаша көңіл-күй сыйлаған болатын. Мерейтой сахнасына спорттық ойындардың, көңілді тапқырлар клубының, «Ақ дастархан», шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары көтеріліп, аудан басшысының қолы-нан марапат алды. Осы тұста өзінде бармен елімен бөлісіп, туған ел алдындағы пер-зенттік парыздарына адалдық таныт-қан, мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне белсене ат-салысқан, демеу-шілік көрсеткен кә-сіпкерлердің атын атай кеткеніміз жөн. Олар: Темирлан ЖШС, Атанов Алмас («Сұлтан» ЖШС), Бейсембеков Ерлан (көмір қоймасы), Бершимбеков Қайратбек («Арлан» ШҚ), Тайлақов Алибек (жанар-жағар май станциясы), Қалиев Ерлан («Самиға» дүкені), Камидолдина Жанар («Мадина» дүкені), Джайчубеков Асылжан (жеке кәсіпкер), Молгождарова Бану («Аманжол» ШҚ), Шенгельбаев Ерқасым («Автобөлшектер» дүкені), Джураев Хайрулла («Конфетный рай» дүкені), Есенқұл Ғали («Дидар» сауда үйі), Хасенов Ануар («Құрылыс» дүкені), Иманбаев Талғат («Жібек жолы» құрылыс дүкені), Чарапиев Асқар («Арай» сауда үйі), Бұлдыбаев Алмас («Айна» сауда үйі). Аталмыш азаматтар қомақты ақшалай, бағалы сыйлықтарды өздері қолдаған үздіктерге табыстап, мереке мерейін асырды.
Әр жылдары қала тізгінін ұстаған ел ағаларының ақ тілегін Сарқан ауданының Құрметті азаматы Садуақас Садықов ортаға салды. Мерейтойға арнайы келген қазақ эстрадасының жарқын өкілдері «Ағайындылар» тобының ән тартулары шара ажарын одан әрі айшықтай түсті.
Осылайша сәні мен салтанаты келіскен мереке туған жерге, өскен елге деген махаббат ұя салған әр жүректі асқан іңкәрлікпен тербетіп, тұрғындар есінде ұмытылмас әсерімен қалды.
П.Жеңісхан.