Халқымыздың тарихында ерекше атаулы күндер бар. Олар қашанда зор тәрбиелік мәнге ие. Мәселен 7 сәуір кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан күні. Дәл осы күні, 1995 жылы қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеп, қайтпас қайсарлықтың ерен үлгісін көрсеткен болатын. Амал қанша, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста 17 бауырымыз қаза болып, 34 жарақат алды. Соңғы жылдары осынау қақтығысқа қатысқандардың ерліктері кеңінен насихатталып, жас буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу ісінде үлгі етілуде.
Биыл «Ұлттық ұланның» құрылғанына 30 жыл толып отыр. Атаулы күнге осыған орай, өткен жұмада тәжік-ауған қақтығысына қатысқан ардагерлер қауымымен кездесу өтті. Аталған шараға аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Дамир Каипов қатысып, ардагерлерді мерекелерімен құттықтады. Шараға арнайы келген меймандар жиында тәжік-ауған қақтығысына қатысқан ауданымыздың 5 ардагеріне Ұлттық ұлан бас қолбасшылығының бұйрығымен «Қазақстан Республикасының Құқықтық тәртіп әскеріне 30 жыл» мерекелік медалін табыстап, жылы лебіздерін білдірді. Қазақстандық батальон құрамында қақтығысқа қатысқан ержүрек жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі мәңгілік тарихта қалмақ.
Өз тілшіміз