Адам деген қызық. Кейде әлеуметтік желідегі дабыра- дақпыртқа еріп, қажеттіліктен туындап отырған вакцинаның пайдасын жоққа шығарып жүргендер, өкінішке орай, арамызда бар. Менің пайымдауымша екпе алмағандар өз денсаулығына және жақындарының, әсіресе қарт адамдардың денсаулығына қауіп төндіріп отырғандығын түсінбейтін сияқты. Вирусологтар тұрғындардың екпе алу арқылы ғана коронавирустың мутациясына кедергі келтіретінін жалықпай жазудайын жазып, айтудайын айтып келеді.
Мен адамдарды жаппай вакциналаудың дұрыстығын ертерек түсіндім. Және отбасымызбен алғашқылардың қатарында вакцина салдырдық. Өйткені қатерлі дертті қоғам болып жеңуіміз керек. Мен білетін өз еркімен екпе салдырғандардың арасында індет жұқтырғандар жоққа тән. Екпе-ең алдымен өзіңнің қауіпсіздігің үшін қажет. Содан кейін айналаңдағы адамдардың қауіпсіздігі үшін де жауапты екендігіңді ешқашан естен шығармауың керек. Сондықтан осы кезге дейін жүрексініп, өз үрейін жеңе алмағандарға екпе алуға кеңес беремін. Эпидахуалды ушықтырмау үшін иммундық қорғанысты айтарлықтай күшейтетін және дертті қайта жұқтырудан мейілінше қорғайтын екпені жаппай алғанда ғана шектеу шаралары алынып тасталынатын болады.
Қадыр АБДРАХМАНОВ,
Сарқан ауданының Құрметті азаматы.