Өткен аптада аудандық әкімдіктің үлкен мәжіліс залында «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалының кезекті XXІ есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті.
Есепті жиынға аталмыш партия мүшелігіндегі сан түрлі сала мамандарынан құралған 200 делегат қатысып, кеңес күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық партия филиалы Саяси кеңесінің және Саяси кеңес бюросының 2017-18 жылдары атқарған жұмысы тыңдалып, Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының насихатталу барысы, аудандық партия филиалының төрағасын, Саяси кеңес мүшелері мен саяси кеңес бюро мүшелерін сайлау мәселелері көп талқысына салынды.
Басқосуда негізгі баяндаманы «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов жасап, саяси ұйым тарапынан 2017-18 жылдары жүзеге асырылған шаруалар жайлы жан-жақты есеп берді. Сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының саяси кеңес мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Жамал Құлахметованың Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын кеңінен насихаттау жұмыстарын іске асырылу барысы туралы баяндамасы көп назарына ұсынылды.
Баяндамаларды талқылау үшін жарыссөзге аудандық мәслихат депутаты, «Сарқан» газеті ЖШС директор-бас редакторы Жомарт Игіман, аудандық партия филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі
қоғамдық кеңесінің төрағасы, Сарқан гуманитарлық колледжінің директоры Ерлан Дармишев, аудандық мәслихат депутаты, «Амангелді» бастауыш партия ұйымының төрағасы Амангелді Омаров, «Қарабөгет» бастауыш партия ұйымының төрағасы Мақсат Кәріпжанов, Сарқан гуманитарлық колледжінің студенті, «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі Үміт Айқын шығып, конференция аралығында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Келелі кеңесте делегаттар бірауызды дауыс беру нәтижесінде Саяси кеңес мүшелері, саяси кеңес бюросының жаңа құрамы және «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының ХХІV есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлады. Ал «Нұр Отан» партиясы Сарқан аудандық филиалы төрағасы болып аудан әкімі Разбеков Марат Мелісұлы сайланды.
Конференция қатысушылары Саяси кеңестің 2017-18 жылдардағы атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, жиында жасалған есеп пен сын-ескертпелер негізінде қаулы қабылдады.
Өз тілшіміз.