Ескерткіш тақтада — ерлер есімі

Апта басында Ақтұма ауылындағы Петропавловка орта мектебінің қабырғасына аталмыш мектеп  түлектері, Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысушы ерлер Махамбетов Хизат Дәукенұлы мен Сейсенбеков Серікхан Каналханұлына ескерткіш тақта орнатылды.

1986 жылы 26 сәуірде Украинадағы Чернобыль атом электр станциясының 4-ші блогы жарылып реактор істен шығады. Апат салдарынан радиоактивті заттар атмосфераға таралып, ондаған мемлекеттің ауасын, жерін ластады. Апатты жою жұмыстарына 600 мың адам оның ішінде 32 мың қазақстандық тартылған. Ауданымыздан аттанған 46 ердің бүгінгі күні жер басып жүргені 11. Күллі адамзаттың қасіретіне айналған апат әлі де талай сырды өзіне бүгіп жатыр.

Шараға арнайы келген «Чернобыль ардагерлері мен мүгедектері» Алматы облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Хұсайын Мұстафа, аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ерболсын Тоқжігітов,  Сейсенбеков Серікханның әпкесі Күләйхан Каналханқызы, марқұмның жары Светлана Сейсенбекова, чернобылдық ардагерлер, білім ордасының ұстаздары мен оқушылары қатысып, ерлер есімі жазылған тақтаны салтанатты түрде ашты.

Жиын «Чернобыль апаты кеше, бүгін, ертең…» атты тәрбие сағатымен сабақтасты. Қатысушылар миллиондардың жаны мен тәніне өшпес жара салған апат туралы арнайы бейнебаянды тамашалап, елімізден аттанған ерлердің рухына бір минуттық үнсіздікпен тағзым етті. Шара аясында жоғарыда аты аталған бірлестіктің төрағасы Хұсайын Дәуітұлы «ЧАЭС апатының салдарын жоюға қатысушы» арнайы медалін Серікханның жары Светлана Сейсенбековаға табыс етті. Меймандар осынау шаралардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне айрықша мән берді. Рас, мұндай істердің өлілерге емес тірілерге қажеттірек екендігі сөзсіз. Өйткені мұндай шаралардың өзегінде өлшеусіз дүние – тағылымды тәлім-тәрбие, Отансүйгіштік, ерлік, өжеттік деген ұлы ұғымдар жатыр. «Адамға ең бірінші білім емес тәрбие берілуі керек…» деген ұлы бабамыз әл Фарабидің тағылымына келешекпен кездесу барысында тағы бір мәрте көз жеткізіп қайттық.

П.Жеңісхан.

Мәліметпен бөлісу: