
Осы аптада облыстың қоғамдық медиаторларын Қазақтан халқы Ассамблеясының (ҚХА) хатшылығы мен Республикалық этномедиаторлар кеңесі бірлесіп әзірлеген Эномедиаторлар қызметінің алгоритмі бойынша ақпараттық оқытуға арналған жиын болып өтті.
Құман Тастанбеков атындағы Сарқан аудандық мәдениет үйінде өткен жиынға Жетісу облысының ҚХА жанындағы этномедиация кеңесі тарапынан Ақсу, Сарқан аудандарының әкімдігінің реестрінде тіркелген қоғамдық медиаторлар, аталмыш аудандардың Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесінің төрағалары, Сарқан аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар, Сарқан ауданының қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
Шараның модераторы – Жетісу облысының ҚХА жанындағы этномедиация кеңесінің төрағасы – Бақтыгүл Чингаева бастауында басқосудың мақсатын түсіндіріп, көпұлтты еліміз үшін этномедиацияның рөлі айрықша екендігіне тоқталды.
Бақтыгүл Кененсарықызының айтуынша Қазақтан халқы Ассамблеясының (ҚХА) хатшылығы мен Республикалық этномедиаторлар кеңесі бірлесіп әзірлеген этномедиаторлар алгоритмі – тек қана Жетісу облысында емес, жалпы бүкіл Қазақстанда этносаралық келісімді нығайту мен әлеуметтік процестерді жақсарту бағытында маңызды қадам болып табылады. Бұл бағдарлама қақтығыстарды болдырмау үшін әр түрлі этникалық топтардың ерекшеліктерін және қажеттіліктерін, мәдени, тілдік және тарихи ерекшеліктерді ескере отырып, шешуге мүмкіндік береді.

Жиын барысында Сарқан аудандық Аналар кеңесінің төрайымы, аудандық қоғамдық медиатор, Жетісу облысының ҚХА жанындағы этномедиация кеңесінің мүшесі Күлшарбан Қалиева, Сарқан аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадыл Жанасбеков, Ақсу аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаев сөз алып, тақырып аясында өз ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ оқыту барысында Бақтыгүл Кененсарықызы алгоритмнің 1-ші, 2-ші және 3-ші кезеңдерін оның ішіндегі тарауларды тарқатып айтып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиын соңында жиналғандар ұсыныстарын ортаға салып, сұрақ қоюға мүмкіндік алды.
Өз тілшіміз.
