
Қоғам дамуының басты негіздерінің бірі – татулық пен тұрақтылық. Елдің болашағы, халықтың әл-ауқаты мен тыныштығы осы екі құндылыққа тікелей байланысты. Татулық пен тұрақтылықсыз қандай да бір жетістікке қол жеткізу мүмкін емес. Сол себепті бұл ұғымдар әрдайым басты назарда болуға тиіс.
Қазақстан — жүзден астам ұлт пен ұлыстың мекені. Осыншама алуан түрлі мәдениеттер мен тілдерге қарамастан, елімізде бейбіт өмір, өзара құрмет пен түсіністік орнаған. Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған сындарлы саясаттың жемісі. Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды институттар әртүрлі этностардың достығын нығайтып, ынтымақты арттыруда маңызды рөл атқарып отыр.
Татулық — адамдардың бір-біріне деген сенімі мен сыйластығы. Ол отбасында басталып, бүкіл қоғамға таралады. Ал тұрақтылық — елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік тепе-теңдіктің көрінісі. Бұл екеуінің үйлесімі мемлекетіміздің дамуына, халқымыздың амандығына кепіл болады.
Қазіргі жаһандану дәуірінде әлем елдері түрлі қиындықтарға тап болуда: қақтығыстар, соғыс, діни және этникалық жанжалдар. Осындай жағдайда татулық пен тұрақтылықтың бағасы одан да арта түседі. Сондықтан біз бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауымыз қажет.
Қорытындылай келе, татулық пен тұрақтылық – тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, әр азаматтың жүрегінде болуы тиіс. Бірлік бар жерде — тірлік бар. Осы бір қарапайым да терең мағынаға ие сөзді әрдайым жадымызда ұстауымыз қажет. Сонымен қатар этносаралық қатынас басты назарда тұратындығын ұмытпауымыз керек.
Қ. ЖАНАСБЕКОВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.