Этносаралық қатынастар саласындағы этномедиация

Сарқан аудандық кітапханасында 1 мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні қарсаңында  «Этносаралық қатынастар саласындағы этномедиация» тақырыбында  ауқымды семинар өтті. Келелі кеңеске Сарқан аудандық сотының судьясы Римма Алдабергенова, аудан прокурорының орынбасары Әділет Сабырбаев, құқық қорғау саласының өкілдері, Сарқан политехникалық колледжінің ұстаздары мен білімгерлері, Қарауылтөбе орта мектебінің оқушылар және т.б. қатысты.

Семинар модераторы аудан әкімінің орынбасары Алмас Байғонысов келген қонақтарды таныстырып, халықтар бірлігін қалыптастырудағы этномедиацияның маңыздылығын  атап өтті.

Тақырып аясында сөз алған аудан прокурорының орынбасары Әділет Асқарұлы білімгерлерді достыққа, береке-бірлікке шақыра келе көп этносты мемлекетіміздің дамуында тұрақтылықтың негізі — ауызбіршіліктің маңызды орын алатын өз сөзіне арқау етті. Келелі кеңеске қатысқан Сарқан ауданының қоғамдық медиаторы Күлшарбан Қалиева аудан тұрғындарының ынтымағы мен бірлігін нақты мысалдармен жеткізіп, жан-жақты ашып берді.

Сарқан политехникалық колледжі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Анаргүл Өмірбекова білім ордасында 8 түрлі ұлт өкілдері оқитынын, бұл осы бағыттағы жұмыстарға жіті көңіл бөлу керектігін жеткізсе, аталмыш колледж қабырғасында құрылған «Студенттік Ассамблея жастары» ұйымының жетекшісі Марина Мельникова қоғамдық ұйымның қазіргі таңда атқарып жатқан жұмысын баяндады.

Бұдан соң практикалық жұмысқа уақыт беріліп, «Қоғамдық келісім» КММ басшысының кеңесшісі, педагогика және психология ғылымдарының кандидаты Алтын Жамбылқызы «Этномедиация психологиясы» тақырыбында баяндама жасады. Қарауылтөбе орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Әсем Абзалбекованың оқушылары қойған театрландырылған көрініс шынайылығымен көрермендерін баурап, ыстық ықыласын тудырды.

Кеңес қатысушыларының ойын бір арнаға тоғыстырған мазмұнды семинар қорытындысында сергітетін ойын ойнатылып, осы тақырып аясында көпшілік пікірі ортаға салынды.

Партия ЖЕҢІСХАН.

Мәліметпен бөлісу: