
Қазіргі таңда Қазақстан – бейбітшілік пен келісімі сақталған, түрлі этностар өзара ынтымақтастықта өмір сүріп жатқан біртұтас ел. Республикамыз – жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүретін полиэтникалық мемлекет. Бүгінде халық саны 19 миллионға жуық адамды құрайды, оның ішінде мемлекет құраушы қазақтардың үлесі 70%-ға жетті.
Қазақстан Республикасында этносаяси мәселелер мемлекеттік ұлттық саясаттың өзегіне айналып отыр. Еліміздің Конституциясында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған. Ол мемлекетті қалыптастырушы қазақ ұлтына этносаралық келісім мен ынтымақтастықты сақтауға, өзге этностар құқықтарының шектелмеуіне деген жауапкершілікті жүктейді. Елімізде ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша халықтар арасындағы келісімге негізделген. Ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қатынастардың ерекше дәстүрі қалыптасып, кеңінен насихатталып келеді. Этносаралық келісім мен бейбітшілік аясында әлемде баламасы жоқ қазақстандық үлгі қалыптасып, қарқынды даму үстінде. Қазақстанның Түркі мемлекеттері, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ аясындағы іргелес елдермен достық қарым-қатынас қалыптастыруы – осыған дәлел болып табылады.
Қазіргі таңда елімізде бірлігі мен ынтымағы жарасқан, мақсаты мен мүддесі ортақ 130-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Өзiн демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде танытатын еліміз үшін дін саласындағы саясаттың ең басты мақсаты – конфессияаралық келісім.
Қазіргі таңда мемлекетімізде діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға, діни сенімдеріне құрметпен қарауға, заң алдында түрлі дін өкілдері тең дәрежеге ие болатындығына негізделген саясат жүргізілуде. Сонымен қатар, этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне көп көңіл бөлінуде. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына аса мән береді. Қазақ халқы қай заманда да елдікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына үлкен назар аударған. Сондықтан да болар, ел аузында: «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» деген нақыл сөздер қалды. Бұл – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның басты қағидасына айналып отыр.
