Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлер мінсіз қызметі үшін БҰҰ медальдарымен марапатталды

Бітімгерлік миссияның қолбасшысы генерал-майор Анита Асма Қазақстанның әскери қызметшілеріне бітімгерлік миссияға қатысқаны үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының медальдарын табыс етті.
Қазақстандық дербес бітімгерлік контингент Фауар базасында қызмет атқарып, Сирия Араб Республикасында орналасқан Голан жоталарында атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді БҰҰ-ның ажыратуды қадағалау күштері құрамында орындап келеді. БҰҰ медалімен миссияда қызмет атқарып жатқан барлық 139 әскери қызметші марапатталды.
Қазақстандық әскери қызметшілер Ұйым базаларын күзету мен қорғанысын күшейтуді қамтамасыз етіп, жергілікті тұрғындармен өзара іс-қимыл жасайды және жауапкершілік аймағында тұрақтылықты сақтауға бағытталған түрлі міндеттерді орындайды.


— Контингенттің жеке құрамы жоғары кәсіби дайындықты, үйлесімділік пен жедел әрекет ету қабілетін көрсетіп келеді. БҰҰ медалі — әрбір әскери қызметшінің батылдығы, тәртібі мен өз ісіне адалдығының, сондай-ақ миссия аймағында бейбітшілікті сақтау ісіне қосқан үлесінің мойындалуы, — деді бітімгерлік ротаның командирі подполковник Жанибек Нурланов.
2025 жылғы сәуірден бері контингент әскери қызметшілері 55 тапсырманы орындап, 1200-ден астам жарылғыш зат пен 43 қолдан жасалған жарылғыш құрылғыны жойды. Жалпы, қазақстандық бітімгерлік контингенттің екінші құрамы миссия басталғалы бері 675 тапсырманы орындады.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Голан жоталарында алғашқы дербес бітімгерлік контингентін 2024 жылғы наурызда орналастырған болатын.

Мәліметпен бөлісу: