Грант иегері атанды

Қаламыздағы №1 мектеп-гимназия өзінің қоршаған ортаға деген өзгеше көзқарасымен, экологиялық батыл бастамаларымен айрықшаланатын. Жақында «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» ұйымдастырған Республикалық байқауға өз жұмыстарын ұсын ған аталмыш оқу орны жүздердің ішінен дараланып 500 мың теңгелік грант иегері атанды. «Қазақстандағы экологиялық білімді дамытуға жаңашыл көзқарас» атауымен мұғалімдер мен оқушылар арасындағы өткен сайыс жеңімпаздарын аталмыш қордың өкілі Ермек Мажитов арнайы келіп құттықтады.

Шараға аудандық ішкі саясат, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының, аудандық білім бөлімінің, жастар ресурстық орталығының, экология саласының өкілдері және қала мектептерінің ұстаздары мен оқушылары қатысып байқау жүлдегерлерінің жұмыстарын тамашалады. Жиында сөз алған Ермек Исағалиұлы елімізге белгілі тұлға Әлия Назарбаеваның бастамасымен құрылған осынау қор туралы жан-жақты айта келе шәкірттерді көптеген экологиялық жобаларға жұмылдырып жүрген №1 мектеп-гимназия мұғалімі Татьяна Станкевичке алғыс білдіре келе байқауға қатысқан оқушыларға сый-сияпат көрсетті. Ұстаз Татьяна Михайловна қолдау білдірген барша жандарға алғысын білдірсе, мектеп басшысы Жекен Бершимбетова арнайы келген мейманға естелік сыйлық табыс етті. Жиналғандар сондай-ақ бейнебаян тамашап қоршаған ортаға деген жастардың қамқорлығына куә болысты. Салтанатты мектеп өнерпаздарының күшімен қойылған концерт әрледі.Соңында қатысушылар дөңгелек үстел басына жиналып ортақ мәселеге қатысты пікір алмасты.

Жалпы №1 мектеп-гимназия 2001 жылдан бері экология мәселелеріне назар аударып, осы бағытта нәтижелі жұмыс жасап келеді. Халықаралық, Республикалық ұйымдар жүзеге асыратын бірқатар жобаларда белсенділік көрсеткен мектеп ұжымының еңбегі ескерусіз қалған емес. Әр жылдары осы бағытта жеткен жетістіктері жас жеткіншектерді жаңа жеңістерге жігерлендіріп келеді.

П.ЖЕҢІСХАН.

 

Мәліметпен бөлісу: