Қанатты сөзге бай қазағымыз «Айнаға қараған бойын түзейді, халқына қараған ойын түзейді» дейді. Осы қисынға салғанда ат жалын тартып мінгеннен бастап елге пайдам тисе екен деп ат үстінен түспеген, ел мүддесін басты орынға қойып халқына қарап ойын түзеген Ас-ағаң сексенге келіпті. Ас-ағаң дегенім – бірнеше ауданды басқарып, облыс, республика деңгейінде басшылық қызмет атқарған, Ақсу, Ескелді, Панфилов, Сарқан аудандарының Құрметті азаматы Асылмұрат Тұрғанбеков. Ағамыз халықтан үйреніп, халыққа барын берген сиректердің қатарында. Ұлылардан ұлағат алып, жақсыларға жанаса жүрді. Өзі де самайын боз қырау шалмай-ақ өзгелерге аға бола білді. Хәкім Абай айтқандай ақылы мен еңбегіне сүйенді. Екеуі екі жақтап оны биікке көтерді, құлашын кеңге серметті, ойын тереңге бойлатты. Адал ас бойға сіңімді екендігін таза тірлігімен дәлелдей білді.
Ағамызбен хабарластық. Амандық сұрастық. Сергек. Дауысы да бұрынғыдай жігерлі, нық. Өзгермепті. Осы орайда Лепсідегі 1993 жыл ойыма оралды.
Бәрі де күні кешегідей. Жетісудың бірқатар өңірлерінде, бірнеше аудандарында, облыс орталығында, республикамыздың сол кездегі астанасы Алматыда жарқын ізі қалған, жемісті қызметімен төңірегіне танымал болған Асылмұрат ағамызбен қызметтес болу бақыты бізге 1993 жылдың көктемінде бұйырды. Тәуелсіз Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің алғашқы депутаттарының бірі, білікті басшы біздің Бөрлітөбеге әкім болып тағайындалғанда елуді енді ғана еңсерген еді. Біз үшін көпті көрген көнедей көсем де шешен азамат алғашқы күннен бастап баршамызға жақсы әсер қалдырды да. Бірте-бірте жан-дүниесінің жарқындығымен баршамызды баурап алғандығы аян.
Аудандық «Балқаш өңірі» газетінің редакторы ретінде аудан әкімдігінің жиынына қатысамын. Асекең тегеурінді, отты, жүйелі сөздерімен елді игеріп алады. Нені айтса да жеріне жеткізе айтады. Бостекі, негізсіз лепеске жаны қас. Көбінесе аталы сөздерге жүгінетінін байқаймын.
Асекеңмен бірге шаруашы-лықтарды аралаймыз. Ондайда қосарланып, топтасып жүргенді қаламайтын. Біздің қызмет көлігімізді қалдырып, өзінің жанына отырғызып алады. Бетке алған шаруашылықтың кешегісі, бүгіні жайында тереңірек білгісі келетін. Жердің тарихы, елдің тарихы төңірегіндегі таным-түсінігі таңқалдыратын.
Ағамыз сырт қарағанда айттым-бітті деп табандап отырып алатын, алған бетінен қайтпайтын кісі болып көрінеді. Рас, тіліп сөйлейтін. Істеймін деген жұмысын ертеңге қалдыратын бойкүйездік бойына жат. Ойға алғанын тиянақты, тастай қылып тындыратын азаматтарды қадір тұтатын. Бірақ кісәпірліктен ада. Мәселенің шынтуайтына көзі жетсе пікірін өзгерте алатын кісілігі мол.
Бұл тұрғыда естігеніміз, көрге-німіз ойға оралып тұр.
Бірде аудан орталығында тұратын бір маманға шаруашы-лыққа директор болып баруға ұсыныс жасайды.
Ертеңінде әлгі жігіт әкімге келіп:
-Асылмұрат Тұрғанбекұлы, менің совхозға ауысуыма біздің үйдегі келініңіз келіспей отыр…- дейді ғой күмілжіп.
-Жақсы болды. Сырыңды дер кезінде білдірдің. Үйін басқара алмаған ұйым басқара ала ма? Сіз боссыз,-дейді әкім.
-Жо-жоқ, депті жаңағы жігіт жұлып алғандай. – Сіздің сеніміңізді ақтауға әзірмін. Барамын.
Ал келесі әңгімеге өзіміздің куә болғанымыз бар. Наурыз мейрамына дайындық қаралып жатқанда бір мекеме жетекшісі қазақ үй тігуге жағдайы жоқтығын айтып, тапсырмадан қашқақтады.
-Дұрыс. Қазаның төңкеріліп қалған екен. Мерекеге қатыспай-ақ қоюыңа болады.
Әкімнің табан астындағы ұйғарымы жаңағы ағамыздың шешімін шұғыл өзгертті.
-Кешіріңіз, Асылмұрат Тұр-ғанбекұлы, мен асылық айтыппын. Тапсырманы орындау қолы-мыздан келеді,-деп уәдесін берді.
Тал бесіктен жер бесікке дейінгі қамшының сабындай қысқа ғұмырда кісінің кісілігі төмендегі үш бірлікпен өлшенеді: бірінші – ақыл, екінші – тіл, үшінші – иман. Әңгімеміздің арқауына айналған, бүгінде жетісулықтардың шынайы ілтипатымен ел ағасы атанған Асылмұрат Тұрғанбекұлының бойында осы қасиеттердің үшеуі де бар. Ақылман, шешен, жан-дүниесі таза.
Осыдан сексен жыл бұрын мамыр айының 27-сінде Ақсу ауданының Басқан ауылында Тұрғанбек пен Марманның отбасында үшінші перзент болып өмірге келген сәби үшін дүние жұмақтай жайлы болуы тиіс еді. Әкесі іскерлігімен, еңбекқорлығымен ортасына еленген ферма бастығы болса, анасы бір ұл, бір қыздан кейін көрген қалаулы перзенті үшін ғана емес, бүкіл ауыл үшін аяулы жан еді. Алайда тағдыр өзгеше сый даярлап тұрғанын бейкүнә сәби де, алаңсыз ауыл да білмегені анық. Асылмұрат бір жастан енді асқанда қалың елді отымен шарпып, өртімен жалмаған Ұлы Отан соғысы басталды. Сол жылдың желтоқсан айында әкесі де отбасының бақыты үшін, Отанның тыныштығы үшін майданға аттанды. Соғыста Москва түбіндегі, Сталинград түбіндегі қанды шайқастарға қатысып, 1943 жылы оң қолынан ауыр жараланған әкесі Тұрғанбек аман-есен оралып, ертеңінде-ақ бала-шаға мен әйелдерге ауыртпалығын түсірген соғыс қиындығын еңсеруге өз үлесін қосу үшін совхоз кеңсесінің есігінен аттады. Білікті азаматқа ферма меңгерушілігін сеніп тапсырды. Өкінішке орай соғыс ауыртпалығын көпшілікпен бірге көтерген Марман анасы бүкіл әлем Жеңісті тойлап жатқанда дүниеге келуге талпынған егіз баланың толғағы үстінде қаза болып, Асылкен, Күлкен және Асылмұрат ана мейіріміне зәру болып қалды. Әрине Әлиман әженің, қамқор әкесінің мейірім, шапағатына бөленсе де ананың ыстық құшағын аңсап өскені анық.
Анасы қайтыс болған соң Асылмұрат біршама уақыт нағашысы Мұқаштың қолында тұрып, Бақалы ауылында мектеп есігін ашыпты. Нағашысы сол жылдары Киров атындағы колхоздың басқармасы екен. Бақалыда алты жасында мектепке барған шәкірт Асылмұрат алғашқы ұстазы Биша апайын өмір бойы ұмытқан жоқ. Әкесі Тұрғанбек 1947 жылы Қарасу колхозының басқармасы болғанда кенже ұлын өз қолына алады да Асекең төртінші клас-ты Көкөзектен, бесінші класты Жотатоғаннан бітіреді. 1951 жылы Қапал ауданындағы Арасан ауылына отбасымен қоныстанған әкесі Тұрғанбек «Қапал-Арасан» курортының қосалқы шаруашылығын басқарады. Осылайша Ақсу-Сарқан, Қапал Асекең үшін балалық шағының ізі қалған киелі өңір болып табылады.
Онжылдық мектептен соң Арасанның мал фермасында есепші болып еңбек жолын бастаған Асылмұрат Тұрғанбекұлының 1958-1963 жылдары Алматы Зооветеринарлық институтын оқып бітірісімен өрлеу жолы басталды. Сол ауданның Абай атындағы колхозында бас зоотехник, Ақсу аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің жауапты ұйымдастырушысы сынды қызмет баспалдақтары жас жігітті көп оқып, көп ізденуге жетелейді. Осы аралықта жауынгерлік міндетін ротаның саяси жетекшісі ретінде атқарған ол 1971 жылдан бастап жауапкершілік жүгін талмай көтерді. Талдықорған аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Андреевка аудандық атқару комитетінің төрағасы, Талдықорған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, Талдықорған ауданының, Панфилов ауданының партия комитеттерінің бірінші хатшысы, Талдықорған облысы әкімінің орынбасары, Бөрлітөбе, Қапал аудандарының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Асыл аға 1998-2004 жылдары Алматы қалалық жер комитеті төрағасының бірінші орынбасары, зейнетке шыққан соң 2010 жылға дейін жер комитеті төрағасының кеңесшісі қызметтерінде де біліктілігін танытты. Еліне, жұртына сіңірген еңбегі, төккен тері босқа кеткен жоқ. Кеңес кезеңінде екі мәрте «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталса, кейін де Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет», «Парасат» ордендерін өңіріне қадады. «Қазақстанның Құрметті жерге орналастырушысы» айрықша белгісі де бар. Кезінде биік лауазымдарда жүріп облыстық Кеңестің депутаты, Қазақстан Республикасының Халық депутаты болып сайланғаны елдің есінде. Зейнетке шықтым деп қол қусырып отырмай Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің мүшесі ретінде атқарған қызметі кейінгіге үлгі болары анық.
Осы жерде сәл шегініс жасайтын болсақ, Асылмұрат ағамыз институтта оқып жүріп жүрек қалауымен Айман атты қызбен танысып, бір жылдан кейін шаңырақ көтереді. Осы жарасымды отбасынан туған қос ұл ата-ана тәрбиесімен өмірдегі өз жолдарын айқындап, Тұрғанбековтар әулетін жалғастырып келеді.
-Асылмұрат екеуіміздің бүкіл өмір жолымыз, жасаған қызметіміз алғысқа лайық болып, халықтың ықыласына бөленгені қолымыздың тазалығы болар. Балаларымыздың бойына да осы қасиетті сіңірдік. Заман талабына сай бар күш-жігерімізді, білім-білігімізді ел игілігін арттыруға жұмсадық. Енді соның жемісін көрудеміз,-дейді Айман Сәрсембекқызы.
Алматыға жолымыз түскенде аға шаңырағында болғанымыз бар. Асекең мен Айекең бұрынғы жарасымды қалыптарында қарсы алып, тәтеміздің тәтті шайын іштік.
-Ер – елдің иесі болса, әйел – үйдің киесі. Тәтелеріңнің маған ердің бағын асыратын, абыройын көтеретін, төрдегі басымды төмендетпейтін адам болып жолыққанына ризамын,-деп еді ағамыз әзіл-шынын араластырып жайдары пішінде.
Әкім Асылмұраттың кезінде атқарылған жұмыстарды Бөрлітөбе жұртшылығы әлі де ұмыта қойған жоқ. 1993 жылы даңқты композитор жерлесіміз Мұқан Төлебаевтың 80 жылдық мерейтойы республика көлемінде дүркіреп өтті. 1993-94 жылдың қатал қысынан бай тәжірибесі бар аудан басшысы шаруашылықтарды күйзелтпей аман алып шықты.
Көңіліне демеу, жанына қайрат күткен тұстарда бөрлітөбеліктер Алладан кейін алдымен «Жар бола гөр, Тәуіп ата!»- дейді. Алланы ауызға алып, ата-баба аруағына сыйыну үшін діндар болу тіпті де міндетті емес. Ол біле-білсек бесіктен беліміз шықпастан-ақ қанымызға қасиетті ұғым болып дарып, сүйегімізге сіңіп кеткен, көңілге медет, рухқа тірек берер ата-салтымыз, дәстүр- ғұрпымыз. Кезінде марқұм анасы «Сені Тәуіп атаның аянымен өмірге әкелгенмін»,-деп жиі айтатын. Осы аян жадынан шықпай жүріп, 1993 жылдың мамыр айында зиялы азаматтардың басын біріктіріп, Қоңырбайұлы Көтен Тәуіп бабамыздың кесенесін тұрғызу жайында мәселе көтерді. Арнайы есеп-шот ашылды. Қор құрылды. Қордың президенті болып Лепсі мұнай базасының директоры Кеңес Сердалинов тағайындалды. Нан зауытының директоры Қайық Летов құрылыс жұмысына жауапты болып бекітілді. Ауданның бас сәулетшісі Аян Дүтбаевтың жобасы мақұлданып, сол жылдың қазан айында кесененің іргетасы қаланды. Келесі жылдың 9-қыркүйегінде әулие бабамыздың 300 жылдығына еліміздің түкпір-түкпірінен меймандар шақырылды. Кіл жүйріктер қатысқан аламанда әулиенің қобызына бас бәйгенің аталуы да ерекше сипатқа ие болғаны сөзсіз.
Осы жолдар авторының шығармашылығын шыңдауына да Асыл ағаның тигізген ықпалы зор. Әдебиет ауылына ат басын тіреген менің 35 жасқа толуыма орай 1994 жылдың қаңтарында кеш өткізіліп, аудан әкімінің өнерге деген жанашырлығы облыстық телерадио, республикалық «Жас Алаш», облыстық «Жерұйық» газеттері арқылы көпшілікке жария етілді. Сол жылы Ілияс Жансүгіровтың 100 жылдық мерейтойында Бөрлітөбенің «Шайтанторысы» бас бәйгені еншілеп, Асыл ағамыздың мерейін көтерді. 1995 жылы ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына қатысып, дүбірлі тойдың тағылымды парасатын сезініп, сән-салтанатына Ас-ағаның басшылығымен үлес қосқанымыз да ойдан кетпейді.
Асыл ағамыздың шын мәнінде де туған жерінің бел-белесімен жаны егіз. Ол қашан да өзі өсіп-өнген елімен биік, туған елі де біз әңгімемізге арқау еткен азаматтарымен асқақ. Бар болыңыз, ақылман аға, бабалар рухы қолдай берсін!
Жомарт ИГІМАН.