Халық қалаулылары ел арасында

Сарқан аудандық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кезекті кездесуі өткен аптада Аманбөктер және Екіаша ауылдық округтерінде жалғасты. Тұрғындармен кездесуге халық қалаулыларынан бөлек бірқатар мекеме-бөлім басшылары қатысты. Көпшілік алдында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Қ.Абдрахманов аудан әкімінің есепті кездесуінде тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың орындалу барысымен, өткен жылы атқарылған шаруалармен таныстырды.

Облыстық мәслихат депутаты Бану Құлахметова ауылдық жерлерде қазіргі күні туындап отырған әлеуметтік мәселелерді көтере келе оларды шешу жолдарына тоқталса, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіповтың сөзіне зейнетақы жүйесіне шілде айынан бастап енетін өзгерістер арқау болды. Аманбөктер ауылында тұрғындар жаңадан тартылып жатқан су жүйесіндегі бірқатар кемшіліктерге және интернет жылдамдығының нашарлығына шағымданса, Екіаша елді мекенінде Жастар көшесіндегі ауыз сусыз отырған жұрттың жанайқайы жиындағы негізгі сауалдарды құрады. Сондай-ақ көпшілікті қыс мезгілінде жолды қардан тазалау, мал жайылымы, жол құрылысының сапасы сынды сауалдар толғандырды. Депутаттар өз кезегінде жиынға қатысушы жауапты сала басшыларын көтере отырып, түскен сауалдарға толыққанды жауап беруге талпынды.

Өз тілшіміз. 

 

Мәліметпен бөлісу: