Халық қалауының айқын көрінісі

Жаңа Қазақстан – қарқынды түрде өзгеріп жатқан әлемде ұлттық бірегейлігімізді нығайтудың жолы. Әлеуметтік желіде Жаңа Қазақстан ұғымын сан-саққа жүгіртіп, бұрмалап жүргендер жетіп артылады.

— Жаңа Қазақстанды құру үшін жеке және қоғамдық құндылықтар жүйесін толығымен реформалау қажет. Біз непотизм мен патернализмге, сыбайлас жемқорлық пен компрадоризмге түбегейлі тосқауыл қоямыз. Жаңа Қазақстан әділдіктің территориясына айналуы керек. Ол үшін тек заңның әріптерін ғана емес, рухын да ұстану қажет. Заңдар догма емес, ол азаматтардың өзекті мәселелерін шешу үшін жетілдіріліп отыруға тиіс. Заң, әділдік және тәртіп біздің бақуатты өмірімізді айқындайтын нақты факторларға айналады, – деді Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясына қатысқан Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстан қоғамның барлық саласы батыл өзгерістер жолына түскенін атап өтті. Осыған байланысты Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерілді.

– Біз жаңа мемлекеттік модельге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшеміз. Бұл сапалы түрде өзгеруді Екінші Республика деп атауға болады. Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленген түзетулердің тарихи маңызы бар деп есептейді. Бұл мемлекеттілігімізді дамытудың жаңа кезеңін білдіреді.

– Осы реформалар қолға алынған кезде Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын Парламент қарайды деп ойлаған едік. Бұл – қолданыстағы заңнамада орныққан рәсімнің бірі.   Алайда алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Референдум – аса маңызды демократиялық институт. Алайда Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы қазіргі қолданыстағы Конституция бекітілген кезде өткізілді. Одан кейін «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бірақ содан бері Конституцияға төрт рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде қолданылған жоқ. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін. Референдум әрбір азаматқа ел тағдырын шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді және жан-жақты демократияландыру мен Жаңа Қазақстанды құру жолындағы бағытымызды нығайтады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жаңа Қазақстан дегеніміз, шын мәнінде, Әділетті Қазақстан екеніне тағы да тоқталды. Демек 5 маусымда өткізілетін референдумға жүрдім-бардым қарамай, елдің жарқын болашағы үшін дауыс беруіміз қажет.

Жомарт ИГІМАН, «Сарқан» газетінің директор-бас редакторы.

Мәліметпен бөлісу: